RU

Павлодарда 8 айлық баласын тастап кеткен көкек ана іздестірілуде

Павлодарда жап-жас келіншек сегіз айлық сәбиін тастап кетті. Көкек ана нәрестесін жаңа танысқан ер адамның қолына ұстатып, із суытыпты.

Абдырап қалған жігіт нәрестені полицияға алып барудан басқа амал таппаған. Тасбауыр әйелдің аты-жөні белгілі. Қазір тәртіп сақшылары 19 жастағы Айсұлу Тәкішеваны іздестіруде.

Ал сегіз айлық сәби төрт күннен бері облыстық балалар ауруханасы дәрігерлерінің қарауында. Ақ халаттылар алғашында үсті-басы кір, қарны аш, әбден жаурап қалған нәрестенің бүгінгі жағдайы жақсы екенін айтуда.

Баланы полиция бөлімшесіне әкелген 28 жастағы жігіт жақында ғана танысқан бойжеткеннің кездесуге кішкентай қызымен келгенін жеткізіпті. Сөйтіп, әйел оған омыраудағы сәбиі мен қолындағы сөмкесін беріп, зыта жөнелген.

Киім-кешегі бар сөмке ішінде нәрестенің туған күні белгіленген анықтама болыпты.

"Пакеттің ішінде табылған банк карточкасы бойынша ол әйелдің аты-жөні анықталды. Ол Екібастұз қаласы, Шиқылдақ ауылының тұрғыны. Бірақ өзінің мекен-жайында тұрмайды", - дейді Павлодар облыстық ІІД баспасөз хатшысы Баян Мағзұмова.

Еске сала кетейік, бүгін Павлодарлық қыздың сәбиін жаңа танысқан жігітіне тастап кеткенін айтқан болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/340212-pavlodarda-8-ajlyk-balasyn-tastap-ketken-kokek-ana-izdestirilude.html