RU

Әскерге кеткен сарбаз жүйке жүйелері ауруханасынан бір-ақ шықты

Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тұрғыны Бақытжан Мәмбетов әскердегі баласын туған жеріне қайтара алмай шарқ ұрып жүр. Айтуынша, ұлы Бегалы былтыр Павлодарға әскери борышын өтеуге аттанған. Ал оның аяқталуына бір ай қалғанда жүйке аурулары ауруханасынан бір-ақ шығыпты.

Бұл туралы Жетінші арна хабарлайды.

"Ауруханаға қалай барғанын тіпті ұлымның өзі білмейді", - дейді әке. Ал анасы мен бауырлары болса, шалғайға жете алмай, дидарын бір көруге зар боп отыр.

Бегалы "Отанды қорғау менің борышым" деп анасының қарсылығына қарамастан әскерге аттанған. Енді жақындары балаларына жете алмай Қызылордада күн санап жүр. Ал оның жүйкесі сыр беріп, есі ауысатындай дәрежеге жетті дегенге мүлдем сенгілері келмейді.

"Дәрігерлер  бала өмірінің 25 пайызы қалады миында депті. Қалай ол мен түсінбеймін. Жынды емес баланы сол жаққа апарып қойғаннан кейін неше түрлі екпе салғаннан кейін әрине ол есін жоғалтады. Сол жерден тез шығаруын қалаймын", - дейді Бегалының туысы Индира Мәмбетова.

Ал жалғыз ұлының жайын естіп, құстай ұшқан әкесі жүйке аурулары ауруханасының есігін торуылдап жүр. Баласын тек бір мәрте ғана көріпті. "Әскерилерден де, дәрігерлерден де мардымды жауап ала алмадым", - дейді.

Әке жүрегі баласын бауырына қысып, туған жерге әкетуді тілейді. "Себебі аурухананың ішкі тәртібі көңілге қонымсыз" деп отыр.

"Біреуі билейді, біреуі күледі, біреуі секіреді дейді. Сосын мен дәрігерге барамын, шығамын деп кетті. Менің жүрегім ауырды. Ар жағынан ер кісі белінен құшақтап алып оны басынан ұрды. Мен жүгіріп бардым. Сендер емдейсіңдер ме әлде ұрып емдейсіңдер ме бұл қалай?", - дейді ашынған әке Бақытжан Мәмбетов.

Ал дәрігерлер қазір Бегалының жағдайы бір қалыпты екендігін айтып отыр. "Бірақ әскери борышын өтеу мерзімі аяқталмағандықтан ата-анасына бере алмаймыз", - дейді. Сондықтан ауруханадан шыққан күнде де әскери бөлімге жіберілетін болады.

"Сарбаз бізге облыстық жұқпалы аурулар ауруханасынан аударылған. ол жақта оның жүйке жүйесінде ауытқулар пайда болған. Қазір жан-жақты тексеріп жатырмыз. Диагнозы әлі қойылған жоқ. Бірақ жағдайы алғашқыға қарағанда жақсы. Сондықтан жақын арада әскери бөлімге қайта жіберуіміз мүмкін", - дейді Павлодар облыстық психоневрологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары Виктория Ефимова. 

Бегалының анасы қолдың қысқалығына шалғайға жете алмай Қызылордада тілеуін тілеп отыр. Құлыным деп, етегі жасқа толған оның баласын енді әскери бөлімге мүлдем жібергісі жоқ.

Ал Бегалы Әбдіқадыровты жүйке жүйелері ауруханасына дәрігерлердің өздері жатқызды.Павлодардағы 66/79 әскери бөліміндегілердің жауабы осындай.

Сондай-ақ бұған дейін оның бойынан оғаш қылық байқамағандарын мәлімдеді. Тіпті денсаулығына да шағымданып көрмепті. Ал 29-қазан күні ыстығы көтеріліп, басы ауырып тұрғандығын айтқан. Содан соң облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылыпты.

"Келесі күні Бегалының тісі ауырып, жұлдырттық. Ертеңіне аурухана дәрігерлер сарбаздың мінезінде өзгеріс барын айтып, бізге хабарласты. Ақ халаттылар консильиум өткізіп, психоневралогиялық аурухана жатқызу керек деген шешімге келді. Онда 10 күн бақылауда болып, диагнозы қойылады. Жақсы болып, әскери борышын өтеуді жалғастырады деп ойлаймын", - дейді  66/79 Әскери бөлімі командирінің орынбасары Нұрлан Мәмиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/340343-eskerge-ketken-sarbaz-zhyjke-zhyjeleri-auruhanasynan-bir-ak-shykty.html