RU

Қарағандыда оқушыны арызқой анасы үшін мектептен қуып жатыр

Қарағандыда 53-ші мектеп лицейінің мұғалімдері мен ата-аналар жабылып бастауыш сынып оқушысын мектептен қуып жатыр. Тіпті сотқа да арызданып қойған. Себебі мектеп табалдырығын жаңа аттаған оқушының анасы ұстаздардың ығырына әбден тиіп бітіпті.

Айтуларынша, оқушының анасы сабаққа қатысып, мұғалімнің ісінен қателіктер тереді екен. Елді дүрліктіріп жүрген Ғалия Ковалеваның да өз уәжі бар деп хабарлайды КТК арнасы. Оқушының анасы мектептегі білім жүйесіне риза емес. Онысын құжаттармен дәлелдеп сотқа қарсы арыз түсірген. Енді тараптар ұзын-сонар сот процестерінде кездесейін деп тұр.

Ғалия Ковалева сабақтарға баса көктеп кіріп, оқу процесін бейнетаспаға түсіріп, мұғалімнің ауызын аштырмайтын көрінеді. Тіпті, қысымға шыдамаған бір ұстаз жұмыстан кетіп тынған."Оған психиатрдың қабылдауына жазылуы керек. Себебі кішкентай екі баланың анасы. Соларға да залал келе ме деп қорқамыз. Айтқанды түсінбейді. Мұғалімдермен бас көз жоқ дауласады. Бүкіл мектеп ұжымын мезі қылды", - дейді әлеуметтік педагог Любовь Салиева.

Директор бастап, қалғаны қоштаған ұжым қазір Ғалия кіріп кетпесін деп мектептің есігін торумен жүр. Мезі болғасын Ковалеваның үстінен сотқа арызданып, баласын мектептен алып кетуді, тіпті қылмыстық іс қозғауды талап етіпті.

"Ол кісі сабаққа кіріп мұғалімнің сабағын талдағысы келеді. Мұғалімнің жұмысын бақылағысы келеді. Оның барлығын түсіндіріп айтсақ, сіздер маған қарсы шығып жатырсыздар дейді. Баланы қай кезде әкелгісі келсе, сол кезде әкеледі. Сол кезде сабаққа кіріп, балаларды аудио, видео жасайды. Ол кезде конституциялық құқықтары бұзалады", - дейді мектеп директоры Рахат Қазтаев.

Ал Ғалия Ковалеваның уәжі басқаша. Қолындағы бір бума құжатта мектептегі орын алған олқылықтар тайға тек таңба басқандай жазылып, комиссиямен растаған.

Осы былықты әшкере ету ішін бір рет сабаққа қатысып таспаға түсіргенім рас еді дейді. Осының негізінде қызы оқитын сыныптың мүғалімі сабақты дұрыс өткізбегені үшін жұмыстан қуылып, директор сөз естіген. Оқушының анасы менменсіген мектеп басшылығына кереғар келгенім үшін артыма шам алып түсті деп отыр."Балалардың дене тәрбиесі арнайы киімсіз, сабағы дәлізде, есігі ашық жатқан шаруашылық бөлменың жанында өтеді. Заң бойныша белгіленген вариативті сабақтар өткізілмейді. Санитарлық талаптар өрескел бұзылады. Мұның барлығын тексеріс растады. Әлі талай заңбұзушылқатар бар бұл мектепте", - дейді Ғалия Ковалева.Былықтары әшкере болғанда атша тулаған мектеп ұжымы, жанұяны оқу орнынан аластату керектігін айтады. Бір ата-ана тіпті Ковалева қан қысымымды көтеріп жіберді деп арыз жазып үлгеріпті.

Ал көптің көзіне күйік болса да, заңдылықты талап еткен Ғалия, қолындағы бар құжатпен сот ісінде тайсалмақ емес. Өйткені шара қолданар деп үміт күткен білім басқармасы бұл бүлікті білсе де, былқ етпей әлі отыр. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/340745-karagandyda-okushyny-aryzkoj-anasy-yshin-mektepten-kuyp-zhatyr.html