RU

Санаулы жылдан соң Арқалық қаласы жойылып кетуі мүмкін

2022 жылы Арқалық қаласы мүлдем тоқырауы мүмкін. Мәжілісте осындай болжам жасалды деп хабарлайды КТК арнасы.

Бір қызығы тұтас қала жойылудың алдында тұрған кезде, депутаттар өз облыстарындағы шаҺарларға ақша бөлінуін талап етіп бүгін министрмен сөзге келді. Сөйтсек, халық қалаулылары шағын қалаларды дамыту мемлекеттік бағдарламасына үміткерлердің "алалап" таңдалғанына өкпелі.

"Біз Шығыс Қазақстанның 20 мыңнан артық адамы бар Аягөзді де қос деп едік, бірақ Аягөзді кіргізген жоқ. Серебрянск, Курчатов кірді, 10 мың халқы бар. Дұрыс, кірсін! Қолдаймыз! Бірақ, сол моноқалаларда тұрғындар бөлінген қаражаттың игілігін көріп жатыр ма? Меніңше жоқ", - дейді депутат Нұртай Сабильянов.

Сондықтан, бұл бағдарламаны депутаттар шұғыл түрде "Өңірлерді дамыту бағдарламасына" қосу керек дейді. Әйтпесе, Арқалықты айтпағанда Үкімет тізімін бекіткен 27 моноқаланың бірде-бірі болашақта өмір сүруі неғайбыл екен.

Тіпті, өзі де Қостанай өңірінде туып-өскен Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Альберт Рау моноқалақалар тізіміндегі Арқалықтың болашағына алаңдаулы.

8 жылдан соң өңірде боксит таусылып, қала жұртын жұмыспен қамтып отырған ENRC өз жұмысын тоқтатады. Биылдың өзінде шағын қалаларды дамытуға бюджеттен 48 миллиард теңге бөлінген. Бірақ сол қаржы да Арқалықты құтқарып қалуға жетпейін деп тұр.

"Арқалықтың жағдайы тым ауыр. Қала құраушы негізгі кәсіпорын қаладан кетеді. Негізгі мәселе - бокситтің сегіз жылға дейін жетуі. Ешқандай басқа амал жоқ: мекеме барлануы тиіс нәрсенің бәрін барлады. Арқалықтың негізгі кәсіпорны болмаса, оның өзінің де болу-болмауы - үлкен мәселе.Тіпті, өңірде теміржол құрылысын бастап, жол салайық", - дейді  Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Альберт Рау.

Түйіткілді шешуге не көмек қажет деп депутатар әкімін арнайы шақыртыпты. Тиімді сәтті пайдалану орнына әкім қолындағы дайын деректі оқудан әрі асқан жоқ. Біздің жетістік деумен ғана шектелді.

Бұған сол өңірде еңбек жолынан бастаған қазіргі мәжіліс депутаты Рамазан Сәрпеков шыдай алмады. Ондағы мәселер келесі деп әкім айта алмаған жайларды жайып салды деп хабарлайды 7 арна.

"Ондағы мәселелер сұмдық. Халық жаппай көшіп кеткен. Жалғы мықты деген аурухана бар. Соған қолдау керек. Жол жағдайы қиын. Ірі кен орнындағы қор таусылуға жақын. Бұл онсыз да жұмыссыз отырған қарашаның жайын тіптен қиындата түседі", - деп ашынды мәжілісмен.

Осыдан соң моноқалалар тізімін қайта құру қажеттігі туралы да ұсыныс айтылды.

Сайып келгенде бұл мәселелердің туындауына әкімдер кінәлі. Бірақ қай әкім? Моноқалалардың басшылары әр 5 ай сайын ауысып отырады екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/340952-sanauly-zhyldan-son-arkalyk-kalasy-zhojylyp-ketui-mymkin.html