RU

Ғалымдар Алматының ауасын сарқырамалар арқылы тазалауды ұсынды

Ғалымдар Алматының ауасын алып фильтр арқылы тазалауды ұсынды. Қаланың ауасын қысқа мерзімде кешенді тазалауға бағытталған "Казгипроводхоз" компаниясының "Алмасағын" жобасы қоғамдық тыңдауда талқыланды.

Алып фильтр жасанды сарқыраманың көмегімен жасалмақ. "Казгипроводхоз" жобалық компаниясы басқарма төрағасының ғылыми-техникалық мәселелер бойынша орынбасары Серік Бүркітбаевтың айтуынша, ол үшін Алматының оңтүстігі мен солтүстігінің арасында жатқан Үлкен Алматы каналының үстінен 10-30 метр биіктікте жеңіл арықтық конструкциясы жасалады.

"Су арық арқылы Үлкен Алматы каналы бастау алатын жерден бастап келеді. Арық толған кезде тамшылау арқылы ауадағы лас заттарды сіңіріп бір жерге шоғырландырады. Өздеріңізге белгілі Алматының ауасы таулы-жазықтық циркуляция арқылы өзгеріп тұрады. Таңертең лас ауа жерде тұрса, түске қарай күннің жылынуымен жоғары тау жаққа кетеді. Кеш батысымен сол лас ауа қалаға қайта келеді. Дәл осы кезде біз күніне екі рет арықтардан төгілген сарқырама арқылы ауаны тазалап аламыз", - деді Серік Бүркітбаев.

Көлік және коммуникациялар экс-министрі осындай аспалы арықтарды Үлкен және Алматы, Есентай өзендерінде де орнатса, тіптен жақсы болады деп санайды.

Аталған жобаның құны 100 млн долларға бағаланып отыр.

"Алғашқы кезеңіне 10-20 млн доллар жеткілікті. Меніңше, ғалымдар мен экологтар қолдаса, қаржыландыру бизнестен де келетін болып отыр. Егер, рұқсат берілсе, жеке инвестициялар да тартылуы мүмкін", - деді Бүркітбаев.

Қоғамдық тыңдауға қатысқан экологтар жобаның бірегейлігін тілге тиек еткенмен, бұл Алматы су қорының азаюына әкеледі деген тоқтамға келді. Оның айтуынша, қазір Алматы тауларындағы мұздықтардың 40 пайызы еріп кеткен.

"Судың төменге ағысы кезінде де судың тең жартысы буға айналады, - деді "Табиғат" экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/341133-galymdar-almatynyn-auasyn-sarkyramalar-arkyly-tazalaudy-ysyndy.html