RU

Қазақстанда пластикалық хирургияға жүгінетін ерлер артып барады

Қазақстанда пластикалық операцияға көп жағдайда ер жігіттер үйір екен. Кейбірі көз тартарлықтай сұлу көріну үшін пышаққа түссе, кейбірі оқыс жағдайдан кейін бет-әлпетіндегі кемшілікті түзетуге мәжбүр болады.

 Бұл туралы Жетінші арна хабарлайды.

Алматылық хирургтердің мәліметінше, косметологиялық ота жасатқандардың 50 пайызы жуан жұдырықты азаматтар. Бет әжімін тартып, мұрны мен құлағын және қабағындағы қатпарлардан құтылу үшін алдына жан салмайтын бөріктілер көп.

Мұрат Әбдіманапұлы Алматы облысының Райымбек ауданындағы Талас ауылының тұрғыны. Жылқышы жігіт операциядан бұрынғы суреттерінен өзі шошиды. Өз мылтығынан атылған оқ оның иегімен қоса жақтың асты, бернін опырып тастаған. Мұратты қас-қағым сәтте болған оқыс оқиғадан кейін туыстары Алматыға әкеліпті.

"Кешкі сағат 5-тер шамасында кешкі малға шықтым. Қасқыр көріп, соны қуалай қойдым. Тасқа шықтым да, жанымда тұрған оқтаулы мылтықпен байқамай өзімді өзім атып жібердім", - дейді ол.

Екі мәрте жасалған операциядан кейін 33 жастағы жігіттің тілі икемге келіп,сөйледі. Бойдақ жігіт енді бет-әлпетіндегі кемшіліктерден құтылуды армандайды. Бүгін дәрігер оған жасалатын тағы бір пластикалық операция жайында кеңес берді.

Тек бет-әлпеті келіспей тұрғандықтан қызметте кедергіге ұшырайтындар болады. Өмірдің сұранысы, соларын түзетіп, мұрнын, көз пішінін түзетіп береміз

"Бұл кісіге алдыңғы екі этап операция болды. Келген сәтте астыңғы жағының екі жағының жартысынан көбі жоқ болатын. Тілдің түгі жоқ,астыңғы ерні жоқ. Ернін жасап, келесі этапта Ресейден биоимпланттарға тапсырыс беріп, соларды орнатамыз. Содан соң, оның бет әлпеті қалпына келеді", - дейді  Алматы қаласы №5 клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі Махан Тынышбаев.

Мамандардың айтуынша эстетикалық медицина көмегіне бөріктілердің көбірек жүгетіні үрдіске айналып барады. Оқыс оқиғадан, жол апатынан, төбелес кезінде мұрны пұшық, құлағы шұнақ болып қалғандар ғана емес косметологиялық хирургия игілігін көруге алпауыт компания қызметкерлерінің құлшынысы да артқан.

"Білімі жоғары, бәріне сай келіп тұр. Тек бет-әлпеті келіспей тұрғандықтан қызметте кедергіге ұшырайтындар болады. Өмірдің сұранысы, соларын түзетіп, мұрнын, көз пішінін түзетіп береміз", - дейді Махан Тынышбаев.

Яғни сұлу болуға ұмтылған жігіттер қызметте лауазымы асқақтап, жалақысы өсетініне дәмелі. Ал пластикалық операция олардың отбасылық өміріне қаншалықты қуаныш сыйлайтыны жұмбақ. Өйткені мұнда әр науқас жайлы мәліметтер құпия сақталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/341163-kazakstanda-plastikalyk-hirurgiyaga-zhyginetin-erler-artyp-barady.html