Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Роза Рымбаева радиодан "Аспанға қараймын" хитын тыңдағысы келмейді

Опубликовано:

Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева жеңіл-желпі әндерге еліктей бермей, жастарды музыкаға тәрбиелеу керектігін айтады.

Бұл туралы ол Алаш айнасы порталына берген сұхбатында кеңінен тоқталған.

Сұхбатта жақында ашылған, тек қазақ тіліндегі әндерді тарататын "Жұлдыз FM" радиосы сөз болды. Аталған радио Роза Рымбаеваның орындауындағы "Сәлем саған, туған ел" әнін ұран етіп алған.

Әннің жазылу тарихына тоқталған Роза Қуанышқызы қазіргі жас әншілердің осы әнді орындау кезінде өзінен рұқсат сұрамағанын айтты.

"Сәлем саған, туған ел" әнін мен 1976 жылы алғаш рет орындадым. 1979 жылы осы әнмен Түркияда өткен халықаралық байқауда лауреат атанғаным да рас. Ал осы күнгі жастардың орындауында бұл әнді үзіп-жұлып тыңдағаным бар. Бірақ толық тыңдамаппын. Меніңше жас әншілер бұл әннің көшірмесін ғана жасап алған. Маған арнайы жазылған әнді орындамас бұрын жас әншілердің менен рұқсат сұрағаны жөн болар еді. Бірақ қазіргі жастарда ондай мәдениет жоқ", - дейді Халық әртісі.

Сондай-ақ, Роза Рымбаева өзінің радиодан қандай ән тыңдағысы келетінін де жеткізген.

"Мен тек әдемі әндер тыңдағым келеді. Меніңше, жастардың қалауы осы екен деп жеңіл-желпі әндерді тықпалай бермей, жоғары деңгейлі әндерді, халық әндерін, сапалы өңделген әндерді эфирден беріп тұрған жөн деп есептеймін. Өйткені жастардың көңілін көтеру үшін даңғаза музыканы қоя бермей, оларды музыкаға тәрбиелеу керек. Мен шынымды айтсам, қазіргі жастарды бір-бірінен ажырата бермеймін. Барлығы бір деңгейде секілді", - дейді әнші.

Халықтың сүйікті әншісі бұл күндері хитқа айналған Абай Бегейдің "Аспанға қараймын" атты әнін де радиодан тыңдағысы келмейтінін айтыпты.

"Мен "Жұлдыз FM" радиосынан "Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын" әнін тыңдағым келмейді. Радиода тек сапалы, кәсіби әндер қойылуы үшін ең алдымен музыка сыншылары, музыкалық редакторлар, көркемдік кеңестің мүшелері ең алдымен музыкант болуы керек, эстрада музыкасын түсінетін мамандардың жұмыс істеуі шарт. Сонда ғана үлкен талғаммен жақсы әндер жинақталады", - дейді Роза Рымбаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/341364-roza-rymbaeva-radiodan-aspanga-karajmyn-hityn-tyndagysy-kelmejdi/

pixel