RU

Ақтөбеде әріп танымайтын сауатсыз әйел ажырасқан күйеуінен алимент ала алмай жүр

Ақтөбелік тұрғын сауатсыздығының кесірінен сергелдеңде жүр. Осы күнге дейін кітап бетін ашып көрмеген 38 жастағы Айсәуле Өмірбекова әлі күнге хат жаза алмайды.

Сондықтан қос мүгедек баласымен үйінен қуып шыққан күйеуінен алиментін өндіре алмай жүр деп хабарлайды КТК арнасы.

Шағымданып барған сот орындаушылары болса керісінше одан арыздан бас тарту туралы қолхат жазып алыпты. Айсәуле Өмірбекова Орынбордағы ақыл есі кем балаларға арналған интарнаттың түлегі. Бірақ оқыды деген аты болмаса өзінің есімін әлі күнге дейін қағазға түсіре алмайды.

"Әріпті танимын, бірақ жаза алмаймын, оқи алмаймын", - дейді ол.

15 жыл бұрын ақтөбелік жігітке тұрмысқа шығып, екі бала сүйген екен. Тұңғышының қуығы дәретін ұстаймайды. Екінші қызы да дімкәс. Мүгедек балаларынан бас тартқан тасбауыр әке оларды қуып жіберген.

Кейін азаматтық некеге тұрған жарынан қызды болады. Етегінен ұстаған ол еркегі де ішімдікке салынып кетіп қалыпты. Енді сауатсыз ана жарымжан балаларымен әркімнің есігін жағалауға мәжбүр. Шағымданып барған сот орындаушылары керсінше одан алименттен бас тарту туралы қолхат жаздырып алған көрінеді.

"Әріп танымаймын ғой. Ол жазып береді мен қол қоямын. Сөйтсем, алименттем бас тартты деп жаздырып алған екен. Сотқа барсам өзіңіз бас тартыпсыз ғой деп жатыр. Мен онда не жазғанымды білмеймін ғой", - дейді Айсәуле Өмірбекова.

Келіншектің сауатсыздығын пайдаланды дегенді Әділет басқармасының қызметкерлері жоққа шығарды. Қайта тасбауыр әкелерден алимент өндіруге барымызды салдық деп отыр.

"Сауатсыздығын пайдаланып арыз жаздыру мүмкін емес деп ойлаймын. Заң талабына сәйкес қай уақытта болса да өндіріске қайта беруіне болады", - дейді  Ақтөбе облыстық Әділет департаментінің бөлім басшысы Рыскүл Өмірзақова.

Қазір Айсауле балаларының мүгедектігі үшін алатын 43 мың теңгеге күнелтіп отыр. Оның отыз мыңын жалдап отырған пәтеріне төлейді. Қалған ақшасы ас-суына әрең жетеді. Дәреті тұрмайтын балаларына жаялыққа да тиын жеткізе алмай жүр.

Айсәуле жергілікті халық емшісінің көмегімен бұған дейін қалалық тіркеуге тұрып, пәтер кезегіне жазылыпты. Оның әзір жылжитын түрі жоқ.

Ал жергілікті шенеуніктер болса жылына бір рет тағайындалатын отыз мың теңге жәрдемақыдан артық ештеңе бере алмайтындарын айтады. Сондықтан сауатсыз ананың бар үміті қайырымды жандарда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/341512-aktobede-erip-tanymajtyn-sauatsyz-ejel-azhyraskan-kyjeuinen-aliment-ala-almaj-zhyr.html