RU

Саршұнақ аяз солтүстік пен орталықты қыспаққа алды

Қыс қаһарына мінді. Елімізде күн райы күрт бұзылып, тұрғындарды әбіргерге салып жатыр. Мәселен, солтүстікте соққан ақ түтек боранның соңы бүгін сақылдаған сары аязға ұласты. Сынап бағанасы кей жерлерде -30 градусқа дейін жеткен деп хабарлайды КТК арнасы.

Жолда қалып, қол-аяғын үсіріп алғандар да табылуда. Саршұнақ аязға байланысты Петропавл мен Астанада бастауыш сыныптарда сабақ уақытша тоқтатылды. Ал коммуналдық мекемелер жауған қарды тазалап үлгермей жатыр.

Ерте жеткен қыс Елорданың коммуналдық қызметінің дайындығын көрсетіп берді. Бір айдың мөлшеріндегі жауған қардың уақытылы тазартылмай жатқанын қала әкімі Әділбек Жақсыбековтың өзі де мойындады.

Астананың сыртындағы қар шығаратын төрт полигонның біріне  қала ішін толтырған ұлпа қарды әкеп төгеді. Кешегі бұрқасын дауылдан кейін мұнда жұмыс қыза түскен, көліктер лег-легімен ағылуда. Қар таситын техникалар мұнда толассыз ағылып келуде. Соның өзінде үлгере алар емес.

Қазірдің өзінде аппақ қар мұнда тау-тау боп үйіліп те қалған. Ал нағыз қыс басталғанда жағдайдың қалай боларын елестету тіпті қиын. Себебі, желтоқсан айы әлі келіп те жеткен жоқ.

Солтүстікте жауған қалың қардың үстіне бүгін бет қызартқан аяз қосылды. Таң атпастан термометр Астанада -27-ні көрсетіп тұр. Қызылжар мен Қостанайда да осындай жағдай.

Сенбі күні +4 градус болып тұрған Солтүстік Қазақстанда арада бір күн өткенде сынап бағаны -28-ге бір-ақ сырғыған. Ал Қостанайда -26. Салдарынан Астана мен Қызылжарда бастауыш сыныптар үшін сабақ өтпей қалды.

Синоптиктердің болжауынша, қарашаның соңына қарай тағы бір аяз күтілуде. Ал алдағы бірер күндікте ауа-райының сипаты мынадай болмақ.

"Еліміздің басым бөлігінде антициклонның ықпалымен ауа температурасы түнде 13-20, кей жерлерде 25-33 градус аязға дейін төмендейді. Жауын-шашынды күн райы байқалып, сонымен қатар бұрқасын байқалуы мүмкін", - дейді "Қазгидромет" орталығының инжинер-синоптигі Әлия Оспанова.

Осылайша қыстың алғашқы ызғары солтүстікті біраз әуре сарсаңға салды. Ал бұл әбігердің қашан басылары белгісіз. Себебі, синоптиктер ертең де күннің аяз болатынын болжап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/342131-sarshynak-ayaz-soltystik-pen-ortalykty-kyspakka-aldy.html