RU

Қазақстандық шенеуніктер әйелінің туыстарын еш кедергісіз жұмысқа ала алады

Қазақстанның заңнамасы бойынша, мемлекеттік қызметші нағашысы мен әйелінің туыстарын еш кедергісіз жұмысқа ала алады. Сыбайлас-жемқорлыққа тосқауыл болуды көздеген заңдарда бұған еш кедергі қойылмаған.

31 арна тілшісі Қызылорда өңірінде тамыр-танысын қызметке қабылдаған шенеуніктердің бар-жоқтығын бір саралап көрген еді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев шенеуніктердің заңды белден баспауын қадағалап отырған бірден бір адам. Өзім де заң талаптарын орындаймын, туыстарым қарамағымда жұмыс істемейді дейді ол.

Айтуынша, өңірде бұған дейін мемлекеттік қызметке өз жақынын алған басшы тіркелмепті. Бірақ екі мемлекеттік мекеме қосылған уақытта күйеуі мен әйелі бағынышты болып қалған жағдай болған дейді. "Бірақ олар бізге хат жазып, осындай-осындай жағдай болып жатыр. Бұл қалай шешілуге жатады деген сұрақ қойды. Біз түсіндірме бердік. Содан кейін, қателеспесем, жұбайы өз еркімен босап, басқа лауазымға, мекемеге ауысты", - дейді ол.

Сонымен, шенеунік қай жақынын қарамағына жұмысқа алмауы керек? Ата-анасын, ата-әжесін, баласын, жұбайын, сондай-ақ туған бауырларын.  Ал нағашы жұрты мен қайын жұрты, жиендері туысы болып саналмайды екен.

Қарапайым халық бұған сенбейді. Сыбайластық пен жемқорлық жең ұшынан жалғасқан қоғамда өмір сүріп жатырмыз дейді."Бір адам таққа мінсе, қырық адам атқа мінеді дейді. Бір адамның соңында талай туысқандары келіп орналасады жұмысқа", "Жоқ, қазір везде туысқандарын алады. Былайынша қарапайым халық жұмысқа тұра алмайды ғой вообще", - дейді тұрғындар.

Мемлекеттік қызмет туралы заңға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес шенеуніктер бұған дейін бірге жұмыс істеген жерлестерін де жұмысқа қабылдай алмайды. 

Сонымен қатар командасымен бір қаладан екінші қалаға көшіп жүру де заңға сай келмейді. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/342332-kazakstandyk-sheneunikter-ejelinin-tuystaryn-esh-kedergisiz-zhymyska-ala-alady.html