RU

Ғалым Алматының лас ауасын алып шаңсорғышпен тазартуды ұсынды

Алматының лас ауасын жұтатын алып шаңсорғыш керек. Ғалым Әнуар Ақшурин осындай жоба ұсынды деп хабарлайды Астана арнасы.

Автокөліктерден шығатын улы газды сорып, атмосфераға жіберетін конструкция бүгін қала әкіміне таныстырылды. Шаһар экономикасы үшін маңызды жоба әлі де жетілдіруді қажет етеді. Бірақ ғалымның ұсынысын жергілікті билік арнайы мамандардың талқысына салып, сараптамадан өткізіп көрмек.

Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының бірінің профессоры Алматының ауасын автомобильдің улы газдарынан тазартуды 1986 жылдан бері жобалаған. Айтуынша, экономикалық жағдайларға орай оның жобасы қолдау таппай келген.

Алмтыдағы инновациялық көрмелердің біріне шығарылған тың жобаға қала басшысының өзі қызығушылық танытты. Құрылғының жұмыс жасау әдісі қарапайым, дейді инженер. Мұнара іспеттес қондырғы шаһардың ең биік нүктесіне орналастырылады. Лас ауаны сорып алып, атмосфераның жоғарғы қабатына жіберу төменгі ауа қысымы мен жоғарғы ауа қысымының арақатынасына, яғни аэродинамика заңына байланысты жүзеге аспақ.

"Қондырғының төменгі жағынан лас ауа кіреді де, ол құбыр арқылы атмосфераның жоғарғы қабатына қарай өздегінен сорылады. Ал оның басында дирижабль флюгері сияқты құрылғы орналастырылып, барлық процесс сол арқылы реттеледі" - дейді  жоба авторы, ғалым Әнуар Ақшурин.

Биіктігі 300 метрлік мұнара арнайы темірден немесе алюминийден жасалуы мүмкін. Механикалық "шаңсорғыш" ешқандай энергия қуатын талап етпейді.

Әсіресе көліктен шығатын лас ауа қаланың әр жерінен канализация іспеттес арнайы құбырмен жинақтап алуға болады. Сосын әлгіндегі қондырғыға жеткізіледі.

"Бүгін біз бұл жобамен тұңғыш рет танысып отырмыз. Алдағы уақытта толыққанды пікір алмасып, тереңірек зерттеуге болады. Егер экология үшін тиімділігі дәлелденсе, өндіріске жіберуге болады деп ойлаймыз", - дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ербол Шорманов.

Мұнара көпфункционалды. Бірнеше қызмет те атқара алады. Онда қаланы үстінен бақылау алаңы және халыққа қызмет көрсететін ойын-сауық орталықтарын орналастыруға мүмкіндік бар.

Инженер-ғалым бұл жобаны арнайы патентпен меншіктеген. Оның бастапқы құнын шашамен 900 млн теңгеге бағалап отыр. Инновациялық бастама мемлекет тарапынан қолдау тапса, 2017 жылы өтетін "ЕХРО-2017" көрмесіне жол тартуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/342495-galym-almatynyn-las-auasyn-alyp-shansorgyshpen-tazartudy-ysyndy.html