RU

Айгүл Иманбаева жеке театры үшін үкіметтен көмек сұрады

Ән өнерінен бөлек театр саласында елеулі еңбек етіп жүрген әнші Айгүл Иманбаева биліктің қолдау көрсетуін сұрайды. Себебі осыдан төрт жыл бұрын құрылған "А. И" драма театрының әлі күнге меншікті ғимараты жоқ.

Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.

"Біздің ашқан театрымыз халықтың назарында. Оған дәлел көптеген халықаралық фестивальдан жүлделі орындарға ие болып жатырмыз. Біздің белгілі бір отырған ғимаратымыз жоқ. Сахналық қойылымдарымыз айына бір рет қана ойналады. Сол кезде сахнаны жалға алып ойнаймыз. Осы тарапта үкімет тарапынан қолдау болса нұр үстіне нұр болар еді", - дейді Айгүл Иманбаева.

Бар болғаны 15 адамнан құралған жұмыс тобы бар бұл театрдың ендігі мақсаты Дулат Исабековтың "Әпке" қойылымын сахналау. Сондай-ақ 2015 жылы Польшада өтетін әлем "Медеялары" театрлар бас қосуына шақыру келгенін де айтып өтті әнші.

Қазақстандық драма театрларын сынап өткен Айгүл театрларға үлкен қозғалыс керек дейді.

"Бүгінгі күні елімізде 53 театр жұмыс істеп тұр, әр қайсысының өз орыны бар. Бірақ театрларға қозғалыс керек. Өзінің креслосы үшін отыра бергеннен гөрі жастардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі қажет. Кейде ойлаймын театр өнеріне жан ашудан гөрі өзінің креслосы үшін тапжылмай отыр ма деп. Үкімет бағады деген баяғы Кеңес заманы кеткен. Мысалы, Ресейлік актерлер бірнеше жерде қатар жұмыс істейді. Біздегідей 70 мың теңге айлықпен бір театрда жүре беру деген жоқ, өйтіп жүрсең аштан өліп қаласың. Осы жағынан біздің театрлар әлі қалың ұйқыда жатыр", - дейді Иманбаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/342751-ajgyl-imanbaeva-zheke-teatry-yshin-ykimetten-komek-syrady.html