RU

Атақты сыншы Әшірбек Сығай айтқан 10 пікір

Бүгін Қазақстан халқы Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Әшірбек Төребайұлы Сығаймен қоштасты.

"Театр өнері үшін бүгін қаралы күн. Әшірбектей даңқты ұлы, сыншы ортамыздан кетті. Бұл бір қабырғамыз құлап түскенмен бірдей. Қазақта аға дос, іні дос деген бар. Ол маған іні дос еді. Ол туралы айтылар сөз көп. Сағынамыз. Қайран, Әшеке! Өзімнен кіші інілерім кетіп жатқанда, мына біздердің жағдайызды түсініп тұрған шығарсыздар. Ол - мен үшін тірі. Жүрегімде! Театр оны іздейді", - деді Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов ақтық сапарға шығарып салу кезінде.

Осы орайда, teatrlife.kz сайты әзірлеген Әшірбек Сығайдың афоризмге татырлық 10 пікірін бере кеткенді жөн көрдік.

Әшірбек Сығай: 1. Бір ғана команда бар, ол - қазақ, қазақстан командасы.

2. Қазақтың жері кең, қойнауы қазынаға бай. Бірақ сол ұлан-ғайыр даламыз бар. Санымыз аз. Осы олқылықтың орнын қалайда толтыру керек, қазаққа шұғыл түрде көбею қажет.

3. Халықтың санын көбейтуіміз тиіс. Егер халықтың саны 20 миллионға жетсе, онда қазақ халқының тіл мәселесі мұндай өткір күйінде бірінші кезекте тұрмас еді.

4. Қазақтың жүрегі тоқтамасын, өнердің жүрегі тоқтамасын деп отырғаным сол. Өнерін өлтіріп алған қазақ ел болып оңбайды, елінен айнып қалған жүрек - жүрек боп соғып жарытпайды. Екеуі бөлінбес бір бүтін, тұтас дүние деп есептеймін. Ендеше, жүрегіміз тоқтамасын!

5. Классикаға дұрыстап мойын бұра алмай жүргендердiң қадірі қашуы мүмкiн. Ал классиканың қадiрi ешуақытта қашпайды. Өйткенi, ол - классика. Классика деген - мәңгiлiк тағдыр тапқан, мәңгiлiк тарих тапқан рухани дүние.

6. Қалың көпке бiрдей жағу қиын нәрсе. Ол - өте сирек болатын процесс. Барлығына бiрдей ұнау деген болмайды. Өйткенi әркiмнiң өзiндiк "менi", өзiндiк талғамы, қисыны, қабылдау жүйесi, қорыту деңгейi, мүмкiндiгi болады.

7. Сахнада, экранда кілең шіңкілдек, ұсақ актерлер көбейді, екі иығына екі кісі мінгендей фактура жоқ. Кескін келбеті келіскен кермиықтарға зәруміз. Майда тартып барамыз. Шіңкілдеп, елпілдеп кеттік.

8. Қажымұқанды орта бойлы, сидиған жігіттер ойнайтын болып жүр. Қамарды көріп қарның ашады. Не дауыс жоқ, не рух жоқ. Дене тұрпаты ғана емес, қимылы, рухы кішкентай. Қарагөз болып толқытып, Қамар болып жылата алмайды, қыз Жібек болып егілтіп, Еңлік болып елжірете алмайды мені. Міне, барлық трагедия осында жатыр.

9. Штамп деген - қазiр қазақ сахнасының негiзгi дертi. Ол не деген сөз? Бiрiздiлiк, сол баяғы бiр ұқсастық, Анау рөлiнде де, мынау рөлiнде де қолы ербең-ербең, сол баяғы дауыс, сол баяғы үн, сол қимыл, сол күлкi. Еш өзгерiс жоқ.

10. "Отеллоны" Мұхтар Әуезов керемет аударған. Ал енді соны қазақ тілінің табиғатынан, құнарынан беймағлұм режиссердің ыңғайына қарап, қайшы ала жүгіру, күзеп салу, түзеп салу - мен мұны жақсылықтың нышаны деп ойламаймын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/342928-atakty-synshy-eshirbek-sygaj-ajtkan-10-pikir.html