RU

Қазақстандықтар арасында үйінде қасқыр асырау сәнге айналды (фото)

Бұрындары тек аңшылар мен бірен-сараң малшылар қасқыр асырайтын. Бүгінде қала тұрғындары да ыңғайы келсе, ауласында қасқыр ұстағанды жақсы көретін сияқты.

Күн санап жабайы әрі қауіпті аңды қала сыртында ертіп жүретіндерді жиі кездестіруге болады. Олардың дені құртқа асырайды екен. Құртқа - ұрғашы қасқыр.

Қасқыр асыраудағы мақсатын білмек үшін журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың үйіне NUR.KZ тілшісі барып қайтқан еді.

Нұрсейіт Жылқышыбай бала кезінен текті төбетке, асыл тұқымды жылқыларға әуестеніп ауылда өскен. Сол бала кезінде-ақ құртқа асырап, оны төбетпен шағылыстырып, әскери ит алуды армандаған. Өткен жазда Қазақстанның шығысынан осы қасқырдың бөлтірігін алған. 8 айлық бөлтірігінің атын Құртқа қойыпты.

Нұрсейіт Құртқасы күніне 4-5 келідей ет жейтінін айтады. Таза мал етін сатып алмаса да, күнделікті қасаптардан арзан ет алуды әдетке айналдырған.

Күнде болмаса да, Нұрсейіт қолы қалт еткенде, дала аңын серуендетіп тұрады.

Нұрсейіт Құртқасының әр айдағы өскен өзгерісін суретке түсіріп отыруды алғаш алып келген күннен бастап әдетке айналдырған.

Қасқыр бөлтірігі мына жерде бір айлық.

Қала берді Нұрсейіт қасқыр асырауға қызыққан достарына да бөлтірік сыйлайды екен.

Бұған дейін Ерементауда тұратын атақты аңшы Жылқыбай ағамыз жайлы да журналистер көп жазған еді. Аңшы өз үйінде қолға үйретілген бірнеше қасқыр ұстайды.

Бұл суреттер Жылқыбай ағамыздың үйінде болған журналистердің еңбегі.

Бұған дейін ауласында қасқыр ұстайтын Қазақстан ауыр атлетика федерациясының бұрынғы президенті Қайрат Тұрлыхановтың үйінен де біздің сайт фоторепортаж дайындаған еді.  Ол төрт жасқа толған қасқырын бөлтірік кезінен асырап алған. Атын "Агуша" қойыпты.Журналист Нұрсейіт Жылқышыбай Құртқамен қатар асыл тұқымды екі төбетті асырап отыр.

Нұрсейіттің үйінде екіден енді асқан кішкентай баласы бар. "Бөлтірік" киносындағы қайғылы жағдай оны тіпті алаңдатпайды. Себебі, Құртқасына сенімді.

Одан бөлек қасқырды әбден зерттеп, содан кейін ғана асырауға бел байлаған.

Оның сөзінше, ұрғашы қасқыр ешқашан иесіне, адамға қастаңдық жасамайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/344064-kazakstandyktar-arasynda-yjinde-kaskyr-asyrau-senge-ajnaldy-foto.html