RU

Қазақстан жұлдыздары қосымша қандай кәсіппен айналысады (фото)

Сахнада жүрген өнер адамдарының дені әншілікті, жалпы басқа да өнерді жолға қою үшін үлкен қаржы керек дегенді жиі айтады. Себебі де көп айтылып жүр. Бұдан шығатыны таза талант, тек қана дарын, ешкімге ұқсамайтын жағымды дауыспен "жұлдыз" деген атқа ие болуға аздық етеді.

Сахнадан жиі көрініп, көпшіліктің көңілінен орын алып жүрген жұлдыздарымызды санап, кімнің қандай кәсібі барына NUR.KZ тілшісі шолу жасап көрген еді.

Әнші, елінің сүйікті ұлына айналған Қайрат Нұртастың өз атымен ашқан киім дүкені бар. Әншінің табынушылары арасында бұны естімегені кемде кем. Әрине, қазір ол дүкеннің киімдері айтарлықтай сұраныста емес.

Алматыдағы бірнеше сауда үйіндегі Қайраттың киім дүкені жабылып қалды деген де ақпарат бар. Ал әншінің өнердегі достарының арасында ондағы киімдер Қытайдан жеткізілген арзанқол тауар дегендері де болды.

Қайраттың өзі танымал болмас бұрын әкесімен бірге саудамен айналысқанын жасырған емес. Ал әкесі кәсібінің басын кішікентай азық-түлік дүкенінен бастағанын айтады.

Динара Қырықбаева мектеп қабырғасынан бастап ән айтып, оған бейнебаян түсіріп танымалдығын арттыра білді. Бүгінде бойжеткен өзінің той ұйымдастыру агенттігін ашқан. Табысының нақты сомасын айтпаса да, сахнада бірге жүрген әріптестерінің біразынан көп табатынын жасырмайды.

Әрине, әншіге тойын сеніп тапсыратындардың дені танымал жұлдыздар мен қалталы азаматтар екені белгілі. Себебі, Динара ақшасын төлеген той иесінің қуанышына қалаған әншіні шақырта алады.

Әнші Тоқтар Серіков асылтұқымды жылқы асыраумен айналысады. Әрине жылқы жануарын жанына жақын көретін әнші сүйікті ісінің табысын да көріп отыр. Оны жақсы білетіндердің сөзінше, Тоқтар Серіковтің жылқысын алғысы келетіндер тіпті, шекара асып келеді екен.

Әнші Шахизада қаржы қатынасы бойынша сауатты күйеуінің арқасында құнды қағаздармен жұмыс істеп жүр. Ол бұл шаруаны меңгеру үшін, шекара асып сауатын көтерген.

Енді өнердегі әріптестерінің біразын осы кәсіпке үйретіп жүр. Әнші Шахизада жұмысының қалай істейтінін ашып айтпаса да, жақсы табыс көріп жатқанын жасырмайды.

Әнші Қарақат Әбілдина өзінің атындағы мектеп студиясын ашқалы бес жылдан асты. Онда әнге, түрлі аспапта ойнауға құштар балаларды тәрбиелеп жатыр. 

Ақжол Мейірбековтың туристік компаниясы бар. Отбасылық кәсібін дөңгелеткелі жиырма жылға жақындап қалған. Табысы да жаман емес. Арасында, өзі де қалаған елге барып демалып келеді.

Абай Бегей  үлкен кәсібі барын өзі айтқанымен, нақты қандай екенін қазірге жариялағысы келмейді. Оның өмірі мен тыныс-тіршілігіне қанық тыңдармандары бұл кісінің батыста үлкен сауда үйі мен сұлулық салондары, жеке студиясы барын айтады. 31 арнаның хабарлауынша, әнші той салоны мен жеке студиясын ашып алған.

Кәсібі барын айтқанымен, құпия ұстағысы келетіндердің бірі Гүлнұр Оразымбетова. Көпшілік бұл әншіні өзінен біршама үлкен, лауазымды, қалталы  кісіге тұрмысқа шықты деп талай сынаған еді.

Әнші сұхбаттарында отбасылық ірі кәсібінің барын айтады. Және оның басшысы өзі екенін де жасырмайды. 

Атақты продюсер Қыдырәлі Болманов балалар ойыншығын саудалап жүргеніне біраз уақыт болды. Оның көздегені - қазақ тілінде сөйлейтін ойыншықтардың брендін қалыптастыру. Ал Болмановтың өнердегі табыс әкелетін жобалары көп.

Әнші Майра Илясова да бұрыннан  бірнеше топқа продюсерлік етеді. Ол да  өнерді кәсіп етіп жүрген танымалдардың бірі.

Ал әнші Бүркітте көлікке қатыстының бәрі бар. Көлік жүргізеуді үйрететін мектеп, көлік бөлшектерін саудалайтын дүкен және көлік жөндейтін орталықтары бар. Қазірге Аишада жеке кәсіп жоқ. Алдағы уақытта болып қалуы да мүмкін екендерін жұлдызды жұп жасырмайды.

Қазақ сахнасында өз ізін қалдыра білгендердің дені белгілі, табысты кәсіппен айналысады.

Суреттер әншілердің интернет желісіндегі жеке парақшаларынан алынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/344675-kazakstan-zhyldyzdary-kosymsha-kandaj-kesippen-ajnalysady-foto.html