RU

Шымкенттік ақсақалдар "той мәдениетін" қалыптастырмақ

Елімізде той өткізу мәдениетін қалыптастыруды қариялар қолға алмақ. Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесі мен "Ынтымақ" қоғамдық хатшылығы және бірқатар бірлестіктер қалың қауымға үндеу жариялады.

Онда қазіргі өткізіліп жүрген тойлардың кемшін түскен және шектен шыққан тұстарын өзгертуге мән берілген. Алайда, ақсақалдардың айтқан ұсынысын бүгінгі асабалар қаншалықты қабылдауға дайын?

Той дегенде қу бас домалайды. Мұндайда, әсіресе, оңтүстік жұрты алдына жан салған емес.

"Тойхана санынан Шымкент - әлемде алғашқы орында" деп әзілдейтін әлеуметтің сөзі шындыққа жанасатын сияқты. Қыс-жазға қарамастан, аптаның әр күнінде тойханалардың төрі бос емес. Дегенмен, дәстүр мен дарақылықты шатастырып жатқан жиындар жетерлік деген қариялар Үндеу қабылдады.

Той басындағы театрландырылған көріністер де көп уақыт алады. Әртіс қыз-жігіттердің жасанды бата беруі көңілге қонымсыз.

"Біз енді үндеуді 11 бағытпен жасадық. Негізгі ең алғашқы бағытымыз мына тойдың уақытылы басталуы. Осыған көп көңіл аударылса деген ұсынымыз болды. Өйткені той өте кеш басталады. Егер 7-де айтылса, сол сағат 8-9-дан өте басталады", - дейді  ОҚО Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов.

Ақсақалдардың айтуынша, той басындағы театрландырылған көріністер де көп уақыт алады. Оның үстіне әртіс қыз-жігіттердің жасанды бата беруі көңілге қонымсыз "Өзгелерге еліктеп, қазаққа жарасымсыз рәсімдерді жасау етек алып барады", - дейді ақсақалдар.

"Тортты алып келе жатып өшір дейді. Светтің бәрін қап-қараңғы қылып өшіртеді. Болмаса қойды үйітіп алып келсе, соның үстіне спирт қойып, лаулатқанды ерекше көреді. Қазақ қай уақытта отын өшірткен?!", - дейді Жеңісбек ақсақал.

Сондай-ақ, тойларда түрлі тағамдар тарту етілгенімен көбі ысырап болып жататыны тағы бар. "Ал бұл шариғат заңдарына қарсы", - дейді қария.

Үндеуде асабалардың да тәртібі қаралған. Көп сөйлеп созып, әдептен озып, жаттандылығымен жұртты ығыр ететін асабаларды әлеумет талай кездестірген.

Соңғы он жылда түрлі тойды басқарып, оңтүстіктегі "танымал тамада" атанған Фархад Балқыбекұлы да әріптестердің әдебін жолға қою керек деп отыр.

"Екінің бірі әнші, екінің бірі асаба. Әйтеуір оңай жұмыс осы асабалық екен ғой деп, екі-үш сөз жаттап алсам, болды асаба болады екем ғой деп, екінің бірі тамада болып, тойдың мәдениетін құртып жатқан жандар өте көп. Оны мойындауымыз керек ", - дейді Фархад Балқыбекұлы.

Енді Қазақстандағы ең қымбат асабаларға тоқталсақ. Бұл тізімді бізге осы саланың мамандары берді. Көштің басын әзілкеш Тұрсынбек Қабатов бастап тұр. Білгіштер "оның той кестесі жарты жыл бұрын жасалып қояды", - дейді.

Одан соң Азамат Сатыбалды. Кино мен театрда жүрген актер той басқаруға да уақыт табады. Бұл тізімде Нұрлан Әлімжан да бар. Ал "Алдараспан" театрының директоры Нұржан Төлендиев тойыңызды басқарсын десеңіз, 2 жарым мың долларыңызды әзірден әзірлей беріңіз. Айтпақшы, қариялар қабылдаған Үндеуді Тұрсынбек Қабатов қолдап отыр.

"Алдараспан" театрының директоры Нұржан Төлендиев тойыңызды басқарсын десеңіз, 2 жарым мың долларыңызды әзірден әзірлей беріңіз.

"Жаңағы кісілердің айтқаны, сөздерінің жаны бар. Мәдениеті болуы керек тойдың. Бірақ өзім басқарып жүрген тойларда, сөздің ашығы, сырттан бір шектен шығып жатқан тойларды өз басым көрген емеспін", - дейді Тұрсынбек.

Ал әншілердің ішінде аса шарықтаған баға "Музарт" тобының еншісінде болып тұр. Одан соң Қайрат Нұртас қымбат орындаушылардың қатарында. Ал "тоймэн" Заттыбек Көпбосынұлы 5 мың долларды қанағат тұтады.

Тек көк қағазбен ғана есептесіп үйренген отандық өнер жұлдыздары бұл сомаға жолы мен жатар орнын қоспайды. Ол бөлек. Аталмыш тізімге бүгінгінің хит-әншісі Абай Бегейдің еніп үлгермегенін байқаған боларсыздар. Тойға "келіскеніне қарай" шығатын ол талай қызықты көргенін жасырмады.

"Жас жұбайларды машинамен мейрамхананың ішіне алып келгенді көрдім, бір жасқа толған баланы түйемен алып кіргенді көрдім. Ондайлар болып жатады", - дейді әнші.

Қазір оңтүстікте  танымал тұлғаларды шақырып беретін продюсерлік орталықтар  қаптап кетті.

Жас жұбайларды машинамен мейрамхананың ішіне алып келгенді көрдім, бір жасқа толған баланы түйемен алып кіргенді көрдім.

"Өнерге қатысы жоқ адамдардың өнерге келіп, ақшаның арқасында көптеген баннерлерді іліп, біз керемет той ұйымдастырамыз деп жазып қойғанның бәрі олай болмайды. Негізі, өтпейтін заттың жарнамасы көп болады, оны өзіңіз де білесіз", - дейді асаба Фархад Балқыбекұлы.

Әдетте, сүндет тойда тойхана төріне ақбоз ат кіргізіліп, мұсылман атанған баланы отырғызады. Жылқының бүйіріндегі қоржынға қонақтар ақша салып, үйреніп қалған. Ал Тараздағы тойлардың бірінде  ақ бозаттың орнына ақ лимузин, мейрамхана ішін шарлап жүр. Осылай тойбастар тарату дәстүрге айналған сынды. Енді бір жиында алтын-күмісті шашу ретінде шашқан.

Байлық жарыстырған той Бірікке Араб Әмірлігінде де өтті. Әнші Сиви Махмудидің бұл әрекеті жұртты біраз қапаландырғаны әлі есіңізде болар. Жас жұбайлардың серуенге шығуында да осындай даңғойлықты жиі көріп жүрміз.

Той өткізуден шымкенттіктер шаршаған емес. Бірақ дәстүрден айнып, дарақылыққа бой ұрып, даңғаза жиын жасау жиілеген.

Аталық ақылдан аттамайтын қазаққа бұл басты қағида болуы қажет. Өйткені ұлттық ұлағат пен дәстүрді дәріптеу баршаның парызы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/345290-shymkenttik-aksakaldar-toj-medenietin-kalyptastyrmak.html