Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Туризмді дамыту – елді дамыту

Опубликовано:

"Өңірлерде шағын және орта бизнес өндірісін дамыту және қосымша инвестициялар тартуға бағытталған жаңа индустриялық аймақтар салу мәселесін ойластырған жөн.

Туризмге арналған инфрақұрылым – жеке бағыт. Оның басты басымдығы жұмыс орындары санын көптеп құру болып табылады. Мұнда бір жұмыс орнын құру өнеркәсіпке қарағанда 10 есе арзанға түседі",- деп мәлімдеді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты Қазақстан халқына жолдауында.

Әлемдік экономикадағы аса жылдам дамитын салалардың бірі туризм екені сөзсіз. БҰҰ-ның дүниежүзілік туристік ұйымы және Халықаралық валюта қорының мәліметтері бойынша, туризмнің табысы жылына 3,5 трлн. АҚШ долларын құрайтын көрінеді. Бұл әлемдік ЖІӨ-нің 10,9 пайызына, әлемдік инвестициялардың 7 пайызына парапар сома. Әлем елдерінің саяхаттау және туризм секторының бәсекелестігі жөніндегі рейтингінде Қазақстан соңғы 2 жылда бес орынға жылжып, 88-ші орынға көтерілді. Мұндай ақпаратты өткен жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның сарапшылары жариялады. Алайда, Қазақстан Үкіметі биылғы көктемде ғана еліміздің 2020 жылға дейінгі туристік саланы дамыту тұжырымдамасын қабылдағанын ескерсек, бұл жақсы көрсеткіш.

Аталған тұжырымдаманың негізгі стратегиялық мақсаты – Қазақстанды 2020 жылға қарай жаһандық деңгейдегі туристік орталықтың біріне айналдыру. Ол үшін бес аумақтық кластерлер – Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстанды дамыту ұсынылған. Атап айтқанда, Астана мен Алматыны іскерлік туризмнің, Шығыс Қазақстанды – экологиялық туризмнің, Оңтүстік Қазақстанды – мәдени туризмнің, Батыс Қазақстанды – жағажай туризмінің орталығы ретінде өркендету көзделген. Сала мамандарының айтуынша, аталған жобалар толығымен іске асырылған жағдайда елімізге келетін туристердің ағыны жылына 8 млн-нан астам адамды құрап, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашылады.

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ өз жұмысын бастайды. Ал интеграциялық үрдістер туризмді тездетіп дамытуға зор мүмкіндіктер беретіні белгілі. Бұл жөнінде ағымдағы жылдың 28 сәуірінде М. Ломносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: "Еуразиялық интеграция мәдени-гуманитарлық байланыстарды, туризмді жемісті дамыту үшін көптеген басымдықтар береді. Осының барлығы миллиондаған адамдар үшін нақты тиімділік болмақ" деп мәлімдеді.

Еуразиялық интеграцияның күшеюі бұл салаға тек жағымды жағынан ықпал етеді. Мысалға, қазіргі кезде Қытай, Ресей, Үндістан сияқты жедел дамып келе жатқан әлеуетті нарықтар Қазақстанға қызығушылық танытуда. Бұған Қазақстан мен Қытайдың Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту бағытындағы ұмтылыстары пайдасын тигізеді. Тек шекарамызды ашып, туристерге қолайлы жағдай туғызатын болсақ, іс оңға басады.

Халықаралық сарапшылар Қазақстанда туристік саланың 2020 жылға дейін дамуының үш түрлі сценарийін ұсынуда. Пессимистік нұсқасы: 50-60 мың жұмыс орындарын ашу, жекеменшік инвестициялар үлесі – 2 млрд. доллар, ЖІӨ-дегі үлесі – 1 пайыз. Бәтуалық нұсқасы: 150-170 мың жұмыс орны, 6-6,5 млрд. доллар инвестиция, ЖІӨ-дегі үлес – 1,5 пайыз. Оптимистік нұсқа: 270-300 мың жұмыс орындары, 6-6,5 мрлд. жекеменшік инвестициялар, ЖІӨ-дегі үлесі – 3 пайыз. Яғни, осы үшеуінің бірін таңдауымыз керек. 2020 жылға дейінгі Қазақстандағы туристік саланы дамыту тұжырымдамасында бұдан басқа төрт бағыт бар.

Мәселен, отандық мамандар туризмді әлеуметтік саладан толық шығарып, экономиканың басымдыққа ие секторына айналдыруды ұсынып отыр. Сондай-ақ, жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылып, ірі қосалқы инвестор тағайындалады. Аталған тұжырымдама қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізіп, экономикалық және саяси тұрақты елдердің азаматтарына визалық тәртіпті алып тастау, арнайы туристік аймақтарды құру және т.б. мәселелер қамтылған. Әмірлан Әлімжан

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/346857-turizmdi-damytu-eldi-damytu/

pixel