Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңа жылды жылы жақта қарсы алатын отандастарымыз көбейген

Опубликовано:

Елімізде жыл сайын жаңа жылды шетелде қарсы аламын деушілер көбейіп келеді. Туристік агенттік өкілдерінің айтуынша, қазақстандықтар Хайнань, Малайзия, Гоа, Таиланд және Біріккен Араб Әмірліктеріне жиі барады.

Тіпті, жаңажылдық сапарларға саяхатшылар билеттерді жарты жыл бұрын сатып ала бастайды. Қысқы суықтың орнына ыстық ауа райы, қардың орнына жағажайдағы құм. Дәл осындай көріністі Жаңа жыл мерекесінде отандастарымыздың бірқатары көріп, шетелде аунап-қунап қайтты.

Әрине, қалтасы көтеретіндер. Астана қаласының тұрғыны Айнұр Мұқанова Жаңа жылды Малайзияда қарсы алған. Оның айтуынша, мерекені қары мен шыршасы жоқ елде қарсы алу – бала күнгі арманы.

Астанада өзіңіз білетіндей өте суық. Сондықтан жылы жаққа барып, демалып көруді жөн көрдім.

Сарыарқаның қаһарлы қысынан біраз күнгі демалысын ыстық жақта достарымен өткізіп, сергіп қайтыпты. Әрі демалыс құны да аса қымбат болмағанын айтады.

"Астанада өзіңіз білетіндей өте суық. Сондықтан жылы жаққа барып, демалып көруді жөн көрдім. Былай санап көрсек, негізі қымбат емес. Екі жетіде 5 жұлдызды қонақ үй, экскурсия, тамағы бар. Сондықтан қымбатқа түспеді", - дейді Айнұр.

Туристік компания өкілдерінің айтуынша, жаңажылдық сапарларға билеттер жарты жыл бұрын сатыла бастаған. Ал желтоқсанның ортасында билет таппай сабылғандар қарасы көбейген. Тек Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан осы күндері 8 мыңға жуық турист демалуға аттанған.

Жер жәннаты Жетісу, асқар шыңды Алтай, емдік қасиеті мол Алакөл, суы балдай, шөбі шүйгін Баянауыл, ауасы шәрбат Қарқаралы. Біздің елдегі осы іспетті көрікті жерлерді айтып тауыса алмайсың. Алайда отандастарымыздың көбі шетелде демалғанды жөн көреді.

"Жаңа жылда қазақстандықтар көбінде жылы жаққа барып, жағажайда жатып демалғанды жөн көреді. Қазір ол жақтарға тікелей бағыттар ашылған. Әсіресе қыс мезгілінде отбасымен шетелге аттанатындар көп", - деді  туристік компанияның директоры Жазира Жанкина.

Қазақстандықтар жиі баратын Гоа аралдарында 7-8 күн демалу құны бір адамға орта есеппен 1200 АҚШ доллары көлемінде.

Жаңа жылда қазақстандықтар көбінде жылы жаққа барып, жағажайда жатып демалғанды жөн көреді.

Ал Жаңа жылды Малайзияда қарсы алғыңыз келсе, 1500 АҚШ доллары керек. Қытайдың Хайнань аралына сапарыңыз 1600 АҚШ долларына түседі екен.

"Қыс мезгілінде жылы жаққа билеттер құны қымбаттай түседі. Дегенмен қалтасы көтеретіндер бағасын сұрап бас қатырып жатпайды. Өз басым шетелде демалғанды жөн көрсем де, отандық туризмнің қарқынды дамығанын қалаймын. Ол үшін бізге уақыт керек", - дейді Жазира Жанкина.

Қазір қалтаңда ақшаң болса, қайда барып демалам десең де еркің. Бүгінде алты құрлықтың қай бұрышына да саяхаттау қиын емес. Қалталыларды былай қойғанда, қазір тұрмысы орташа қарапайым отбасылардың өзі демалыстарын шетелде өткізгенді қалайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/348447-zhana-zhyldy-zhyly-zhakta-karsy-alatyn-otandastarymyz-kobejgen/

pixel