RU

Парижде миллиондаған француз терроризмге қарсы шеруге шықты

Париждегі Республика алаңында миллиондар шеруі өтті. Жиналғандар "Шарли Эбдо" баспасында болған лаңкестік құрбандарына осылайша құрмет көрсетті.

Аталған шараға миллионға жуық адам қатысты деп хабарлайды 24.kz. Жиналғандар Францияның ұлттық әнұранын айтып, ұрандатқан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның символы сөз еркіндігін білдіретін қарындаш болған. Алдыңғы қатарда 7 қаңтар мен 9 қаңтарда болған лаңкестік әрекеттерден көз жұмған марқұмдардың жақындары жүріп өтті.

Сондай-ақ ел астанасына Германия, Ұлыбритания, Италия, Израиль, Бельгия, Испания, Палестина және тағы да басқа елдердің өкілдері арнайы барған.

Риа Новости агенттігінің жазуынша, Париждегі шеруге тұрғындар тегіс отбасымен келген. Қалың топтың ішінде жаңа туған сәби де, қариялар мен мүгедектер де бар.

Бұл рәсімге 50 мемлекеттің өкілі келді деген мәлімет бар. Франция президенті Франсуа Олландтан бөлек, Германия канцлері Ангела Меркель, Украина президенті Петр Порошенко, Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон,Еуро Одақ көшбасшылары Мартин Шульц пен Жан-Клод Юнкер де шеруге қатысты.

Ал шаһардағы қауіпсіздікті 2200 тәртіп сақшысы қамтамасыз еткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/349049-parizhde-milliondagan-franczuz-terrorizmge-karsy-sheruge-shykty.html