Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырауда өздерін түрмедегідей сезінетін мұғалімдер бас көтерді

Опубликовано:

Атыраудағы орта мектеп ұжымы осылай деп директорларына қарсы шықты деп хабарлайды КТК арнасы.

Айтуларынша, №4 мектепке қыркүйек айында ғана директор болып тағайындалған Дина Стамғали әрқайсысының басқан ізіне дейін аңдып, жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін көрінеді.

Оның үстіне жанына туыстары мен таныстарын жинап, оларға орын босату үшін бұрыннан келе жатқандарға қысым күшейді дейді ашулы мұғалімдер. Ұстаздар мектепте емес, тергеу абақтысындағыдай күн кешіп жүрміз дейді.

Гагарин атындағы № 4 мектептің 50-ге тарта ұстазы оқу жылы басынан бері қордаланып қалған дауды бүгін түбегейлі шешу үшін акт залына ағылды. Айтуларынша, Дина Стамғали директор болып келгелі сабақ жайына қалған.

"Біздерге психологиялық қысым көрсетеді. Мысалы, бір педагог-ұйымдастырушыны жұмысқа алады. Ол кісі менің артымнан бақылайды, нешеде мен жұмысқа келем, нешеде мен классқа кірдім, нешеде мен журналды алдым, қандай сағатта мен аяқ киімімді ауыстырдым", - дейді мұғалім Файзура Айтжанова.

Басқасы басқа, жаңа басшы бірнеше жылдан бері өзгеріссіз келе жатқан ұстаздардың оқыту сағаттарына шүйлігіпті.

"Зейнеткерлік жасқа 3 жыл қалған адамды қозғады, одан қала берді бірнеше адам, оның ішінде оралман бар, оралман болғаны үшін кінәлі ме, 7-8 адам тарифтен түсіріліп қалды. Бұл адамның тағдырына тәлкек", - деді  кәсіподақ төрайымы Жанат Бужанова.

Бағыныштыларының базынасынан қашты ма, мектеп басшысы мүлде төбе көрсетпеді. Хатшысына ауырып жатырмын деп хабарлама жіберген Дина Стамғалидың орнына қалалық білім бөлімі жауап берді.

"Екі жақты да мәселе болғаннан кейін, бұл жерде директордыкі бас алып, көз шығару емес қой. Толықтай 100 пайыз ұжымдыкі дұрыс болса, біз мектеп директорын алып тастар едік. 50 де 50 пайыз. Кейбір талаптарға, сабақтың сапасын тексермеңіз, сабағымызға қатыспаңыз деген болмайды ғой", - дейді Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Нұрсәуле Сайлауова.

80-ге жуық мұғалім қол қойған арыздан ештеңе өзгермейтін секілді. Білім бөліміндегілер директордың орнында қалатынын нықтап айтты. Себебі, білім сапасы мен ішкі тәртібі төмен №4 мектептегі жағдайды тек жүйкесі мықты, білімі мен тәжірибесі мол маман ғана дұрыстай алады деп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/349684-atyrauda-ozderin-tyrmedegidej-sezinetin-mygalimder-bas-koterdi/

pixel