RU

Қазақстанда футболистердің жалақысын шектеу ұсынылды

Футболдан Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын футболшылардың жалақысы шектелсін. Мұндай ұсынысты "Астана" президенттік спорт клубының төрағасы Дархан Қалетаев айтты.

Бұл туралы Sport.zakon.kz порталына сілтеме жасап Алаш айнасы хабарлайды.

Оның айтуынша, премьер-лигада өнер көрсететін клубтардың барлығын да жергілікті немесе мемлекеттік бюджет қаржыландырып отырады. Тіпті жеке демеушісі бар деген "Қайрат" пен "Астана" клубын да мемлекет қаржыландырады екен.

"Қазір елімізде қаржылық жағдай тұрақсыз. Сондай-ақ бүкіл әлем де қаржылық дағдарыстың алдында тұрғаны ешкімге жасырын емес. Қазақстан қазірше өнеркәсіптің арқасында тұрақтылықты сақтап отыр. Бұл дағдарыс алдағы уақытта бізге де әсер етуі мүмкін. Сондықтан да бір-бірімізге түсінушілікпен қарап, футболшылардың жалақсын төмендетсек", - дейді Қалетаев мырза.

Төраға бұл тығырықтан шығатын жолды да қарастырып қойған көрінеді. Оның айтуына қарағанда, мұндай қиын-қыстау кезеңнен аман-есен өту үшін футболшылардың жалақыларына шектеу кою керек.

"Менің ойымша, ел біріншілігінде өнер көрсететін футболшылардың жалақысы 300 мың АҚШ долларынан аспау керек. Бұл көрсеткіш футболшылардың бір жылда алатын ең жоғарғы жалақысы болсын", - деді ол.

Сонымен бірге Қалетаев жалақы туралы америкалықтардың жүйесін зерттегенін айтты. Ол жүйе бойынша отандық клубтарға жалақысы жоғарыда айтылған соммадан жоғары үш футболшы алуға мүмкіндік беруге болады екен. Бірақ, ол футболшылар міндетті түрде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ойнауы қажет.

Сондай-ақ төраға өз тарапынан тағы да бір ұсынысын жеткізді.

"Біздің клубтардың жетекшілері алдағы маусымнан бастап жасы 25-тен асқан футболшыларды алмаса екен. Әйтпесе, қазір шет елдік футболшылар біздің елімізге сапалы футбол көрсету үшін емес, ақша табу үшін келетіні ешкімге де жасырын емес. Бұл жүйе қазақ футболын өрге сүйремейді. Мен мұндай ұсынысты Қазақстан футбол федерациясының, кәсіпқой футбол лигасының және отандық клубтардың басшыларына айтқым келеді", - дейді Дархан Қалетаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/349840-kazakstanda-futbolisterdin-zhalakysyn-shekteu-ysynyldy.html