RU

Жасы 70-тен асқан шымкенттік асаба көпшілікті таңғалдырды

Оңтүстік Қазақстан облысында жасы 70-тен асса да, той басқарып жүрген асаба бар деп жазады zamana.kz басылымы.

"Асабалардың атасы" атанып жүрген Үшкемпір Ахашев облыстағы талай тойдың көрігін қыздырған.

Үшкемпір ақсақал ешқандай жоғары білімі болмаса да, қарапайым тракторшыдан директорлыққа дейін көтеріліпті. Көркем сөз бен ән-күйге икемді болған. Жас кезінде жиі науқастанған оған дәрігерлер халық алдына көп шығуға кеңес беріпті.

Осы ақылды құп алған Үшкемпір Ахашев өмірінің көп бөлігін асабалықпен өткізуде. Тіпті, жасы 70-тен асса да бұл кәсібін тастамапты.

"Домбыра мен баянда ойнап, ән айтып, кілең көпшіліктің алдында жүрдім. Совхоздың малшыларының, түрлі мекеме қызметкерлерінің алдында концерт қойдым. Асабалықты да осы кездерден бастап кеттім. Аллаға шүкір, әлі күнге дейін "аттан түспеген" қалыптамыз. Бірақ қазір бұрынғыдай үйлену тойларын басқармаймын. Жасымыз да келіп қалды. Ырду-дырду көпшілікті жас асабалар атқара берсін", - дейді қарт асаба.

Үйлену тойларын басқармаса да, бесік той, құдалық секілді кішігірім отырыстарға асаба жиі шақырту алады. 

"Құдалық, бесік тойларға үй иелері жастардан гөрі салиқалы сөз айтатын, салт-дәстүрді жақсы білетін, құда-құдағидың көңілінен шығатын біздерді жөн көреді. Жоқ дегенде аптасына екі рет шақыру аламын", - дейді Үшкемпір Ахашев.

Бүгінде шөбере сүйіп отырған асаба кезінде өз "ставкасын" біраз көтергенін, уақыт өте келе қанағат етіп, той иесінің ұсынғанын алатынын айтқан.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/350767-zhasy-70-ten-askan-shymkenttik-asaba-kopshilikti-tangaldyrdy.html