RU

Мәдениет министрі Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа үлгісін ұсынды

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы "Егемен Қазақстан" газетіне "Наурызға – жаңаша көзқарас" атты мақала жариялап, Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа үлгісін ұсынды.

 Еске сала кетсек, Наурыз мейрамы кеңінен 2009 жылдың 24 сәуірінен бастап атап өтіле бастады.

Ел арасында "Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда" деген пікір қалыптасты. Сондықтан мерекенің өзіне сәйкес атрибуттарын қалпына келтіріп, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне жеткізген жөн.

"Сондықтан да Наурызға іргелі ізденістер мен тарихи, әрі заманауи шаралар керек. Мұның бірнеше жолы бар", - деп министр мерекені тойлау жолдарын ұсынды.

Басты құндылық - бүлдіршіндер

Жаңа жылда Аяз Атаның, Рождествода Санта-Клаустың сәбилерге сыйлық беруі, отбасы мүшелерінің бір-біріне тарту-таралғы жасауы сияқты дәстүрдің берік орнығуы бұл мерекелерді халыққа барынша жақындатқаны мәлім. Жаңа жылдан әрбір бала тосын жаңалықтар күтеді.

Наурызда да балалардың есінде қалатындай мереке сыйлағанымыз жөн. Демек, Наурызды тойлау арқылы біз бар жақсылығымызды, шарапатымызды бүлдіршіндерге арнауымыз керек. Қазіргі заманға лайықтап, шоколадпен көмкеріп, көрнекі қаптамасын жасап, көз тартар қорапқа салып, ұлттық тағам аясында әзірленетін жент, талқан, балқаймақ, кілегей, құрт, сүзбе, уыз, ірімшік және тағы басқаларын әдемі де шағын етіп әзірлеу процесін жолға қоюымыз қажет.

Наурыз нышаны

Жауқазын, бәйшешек немесе қызғалдақ Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы ретінде бекітуді қажет етеді. Гүлдің адамға деген әсері өте мол. Себебі, гүлден ерекше сұлулықпен бірге адам нәр алады. Гүл тұрған жерде биік сезім пайда болады.

Мереке күні аналарға, қыз-келіншектерге гүл сыйлау көңілдерге құштарлық сыйлайды. Бұған қоса мекемелер, көшелер, саябақтар жауқазын гүлімен көмкеріліп, абаттандырылса нұр үстіне нұр. Сол арқылы біз Еуропаға ерекше қастерленетін қызғалдақтың, жауқазын мен бәйшешектің түпкі отаны қазақ даласы екенін де ұрпақ санасына сіңіре түсер едік.

Наурыз символикасы

Күн мен түннің теңелуі – астрономиялық көктемнің тууы. Астрономдардың тілімен айтар болсақ, бұл кезде Күннің орталығы өз қозғалысы барысында Жер экваторын кесіп өтеді. Ғылымда көктем туатын мезгілді түрліше шамалау әдісі қалыптасқан. Күн қозғалысына негізделген есеп бойынша нағыз көктем осы – КҮН мен ТҮННІҢ (21-нен 22-не қараған түні) теңелу сәті. Түн ортасы ауғанда жаппай ЖАҢА КҮНДІ қарсы алу дәстүрін түлеткеніміз абзал.

Ағайынмен  көрісу

Ұлыс күні елбасы ел дамуының кепілі ретінде белгілеп берген бірлік, татулық, отбасын қастерлеу сияқты адамзаттық құндылықтарға құрылған. Осыған орай, Наурыз мейрамының рухани-мәдени тәрбиелік мәнін іс жүзінде өмірге енгізуді ұсынамыз.

Бұл мақсатта Наурыздың сипатын ашатындай әрі ұлттық таным мен дәстүр салтты жаңғыртатындай көрісу күні, қайырымдылық жасау күні, ата-бабаны еске алу күні, тал егу күні, ақ дастарқан күні деп мазмұн бере отырып, рухани іс-шараларды қалыптастыру қажет.

Әлеуметтік шаралар

Дәл осы "Наурыз мейрамы" күндері аясында еліміздің іскер азаматтары, меценаттар, қоғамдық ұйымдар мен мекемелер балалар үйлеріне, тұрмысы төмен отбасыларға және қоғамның әлеуметтік қорғалмаған топтарына жәрдем жасап, қайырымдылық шараларына көңіл бөлгені жөн.

Бұл игі істе Қазақстанның белсенді жастарының басын біріктіріп, волонтерлар корпусын Наурыздың жаңа тұрпатта тойлануына жұмылдыру керек.

Наурыздың рухани мәртебесі арта түсуі үшін, жыл сайын қыс айларында дәстүрлі берілетін әдебиет пен өнер саласы қайраткерлеріне арналған президенттік және мемлекеттік стипендияларды табыс ету мерзімін Наурыз мейрамына ауыстырған абзал.

Ұлттық киім

Сондай-ақ, Наурызға әбден жаттанды болған шапан мен камзолдың орнына, осындай қасиетті де ерекше күндері әркім өзіне жарасатындай, сән-салтанатымен, мақтанышпен киетіндей қазіргі заманғы ұлттық киім үлгілерін тіктіргені абзал.

Сонымен, гүл сыйлау үрдісі, ұлттық тағамның ықшамдалған үлгісін әзірлеу, әдемі киім үлгілеріне сұраныс туғызу, наурыз белгілерін айшықтайтын кәдесыйлар, сувенирлер жасау – бәрі айналып келгенде, ысырапқа емес, керісінше экономикамыздың да қозғаушы күштерінің біріне айналар еді деп ойлаймыз.

Қырықтың бірі  - Қыдыр

Қыдыр баба (Қызыр) бар жақсылықтың, молшылық пен берекенің иесі, үміттің шырағын жағатын кие. "Қырықтың бірі – Қыдыр" сөзінің астарында осындай түсінік жатыр. Әдетте, біз Қыдыр бабаны көбінесе көпшіліктің алдына шығарып, ақ тілек айтқызып, ақ бата бергізумен шектелеміз.

Ал оның қиялды ұштай түсетін мүмкіндіктерін ескермейміз. Ендеше, Қыдыр бабаны Наурыз мейрамын өткізу барысында ұтымды пайдаланған абзал. Айталық, ол жұртқа бата берумен ғана шектелмей, сыйлықтар да үлестіретін болса. Әсіресе, Қыдыр атаның мейірімі бүлдіршіндер көңілімен ұштасса, мерекенің мәні мен сәні арта түседі.

Еліміздің батыс өңірлерінде Наурыз мейрамына алдын ала үлкен дайындықтар жасалады.14 наурыз күні таңғы сағат 6-дан бастап жұрттың бәрі үй-үйді жағалап көріседі. "Кім ерте тұрып, 40 үйге кіріп, көрісетін болса, соған Қыдыр ата несібесін береді" деген де сөз бар. Сол несібені алып қалу үшін кішкентай бүлдіршіндер таң атпай ерте тұрып, үй-үйге жүгіріп, ата-әжелерге барып көрісетін. Үлкен адамдар "Бүгін көрісуге адамдар келеді" деп, үйінің айналасын, ішін тазалап, жаңа киімдер киіп, күтіп отырады.

Наурыз мейрамы тек той тойлау ғана емес, сонымен қатар жаппай тазалық шараларын өткізу керек. "Бір тал кессең, он тал ек!" дегендей көшет отырғызуды дәстүрге айналдыру қажет

Спорттық шаралар

Наурыз мейрамы аясында мемлекеттік деңгейдегі дәстүрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастыруды жандандыру керек. Сондай-ақ, бұқаралық спортты және халықтық дәстүрлерді насихаттау мақсатында, велошеру, марафон секілді бүкілхалықтық сипаты бар спорт сайыстарымен қатар, ұлттық ойындардан жыл сайынғы республикалық "Наурыз" спартакиадасын ұйымдастыруды ұсынамыз.

Наурызды насихаттау

БАҚ мүмкіндіктерін пайдалануға айрықша назар аударғанымыз абзал. Барлық бұқаралық ақпарат құралдары Наурыз мейрамын тойлау барысында өткізіліп жатқан шаралардың танымдық және мазмұндық жағына мән берсе игі. Наурыз идеясын насихаттау барысында аймақтар арасында телекөпірлер өткізу, телемарафондар мен тақырыптық бағдарламалар, ақпараттың басқа да формаларын ұйымдастырудың маңызы зор.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, ежелгі Наурыз мейрамы қазіргі заманға бейімделіп, қоғамда саяси тұрақтылықты, достық пен келісімді нығайтудың, жалпы қазақстандық, отбасылық мерекенің тетігіне айнала бастайды деген қорытынды жасауға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/352183-medeniet-ministri-nauryz-merekesin-tojlaudyn-zhana-ylgisin-ysyndy.html