RU

Сәуегей суыр биыл көктемнің кеш шығатынын болжады

Америкалық суыр Фил қыс әлі алты аптаға созылатынын болжады, деп хабарлайды Reuters. АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Панксатони қаласында тұратын кеміргіш інінен шығып, өз көлеңкесінен шошып қайта ытқып кірген.

 Дәстүрлі болжам бойынша, аңның мұндай мінезі қыстың ұзаққа созылатынын білдірсе керек. Суыр інінен жергілікті уақыт бойынша сағат таңғы 7:25-те шыққан.

Былтыр да Фил көлеңкесінен қорқып, ініне жасырынған болатын. Ал 2013 жылы күннің бұлыңғыр болуынан суыр өз көлеңкесін көре алмай, көктемнің ерте келетінінен хабар берді. Әдетте, АҚШ пен Канадада 2 ақпан Суыр күні деп аталып өтеді.

Фил есімді суыр АҚШ-та ауа райын болжайтын ең танымал сәуегей болып табылады. 1887 жылдан бері болжамымен бөлісіп келген Фил 17 рет қана көктемнің ерте келетінін жеткізген.

Жыл сайын Филдың жұмысын өз көздерімен тамашалау үшін 30 мыңнан аса адам жиналатын көрінеді. Десе де, Фил өз болжамдарының 60 пайызында қателескен екен.

Кеміргіштің болжамын зерттеген АҚШ ұлттық ауа райы мәліметтері орталығы ресми түрде оның нақты емес екенін мәлімдеп, суыр "сәуегей емес" екенін баса айтқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/352858-seuegej-suyr-biyl-koktemnin-kesh-shygatynyn-bolzhady.html