RU

Қазақстанда "қара базарда" адам ағзасын сатып алу мүмкін емес

Алматының бас трансплантологы Болатбек Баймаханов адам ағзасын қара базарда саудалаудың мүмкін емес дүние екендігін айтты. Оның айтуынша, адам ағзасының мүшелерін саудалау заңмен қудаланады.

Көпшілік айтып жүретін "қара базарда" мұндай күрделі операция жасау мүмкін емес. Өз сөздерінің жалаң еместігін дәлелдеу үшін журналистерге трансплантологиялық ота жасау процесі түсірілген бейнежазба көрсетілді.

Дәрігер бір мүшені ауыстырып салу үшін 150 адам жұмыс жасайтынын жеткізді. Ол үшін арнайы зертхана, арнайы бөлме, қажетті аппаратура, жүздеген мамандар қажет.

"Ағза мүшесін ауруханадан бөлек жерде ауыстыру мүмкін емес. Барлығы отаға 150 адам жұмылдырылады. Оның 25-і ота залында жұмыс жасайды. "Қара базар" туралы қауесет шындыққа жанаспайды. Мұның бәрі бізде заңмен реттеледі. Қазақстанда бұл мәселеге барынша гумандық көзқараспен келуге тырысады. Шешуші сөз әлбетте донордың туысқандарында болады", - деді Баймаханов.

Елімізде трансплантологияның қарыштап дамуына кедергі болып отырған басты проблема - донор тапшылығы. 2012 жылдан бері елімізде 15 адамның ағза мүшелерін алуға келісім алынған.

Ал жылына миллион адамға шаққанда бауыр жетіспеушілігімен 500 адам, бүйрек жетіспеушілігімен 1500 адам, жүрек жетіспеушілігмен 50-60 адам отаға мұқтаж.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/353392-kazakstanda-kara-bazarda-adam-agzasyn-satyp-alu-mymkin-emes.html