RU

Ғалымдар жүктілік кезінде ішімдік ішуге тыйым салды

Британия дәрігерлері әйелдерге жүктіліктің алғашқы үш айында ішімдік ішуден толық бас тарту қажеттігін ескертті, деп жазады ВВС агенттігі.

Бұл туралы акушерлер мен гинекологтардың Корольдік колледжінің жаңартылған ресми кеңесінде айтылды.

Айта кету керек, кеңес бұған дейінгі шешімінде жүктіліктің алғашқы мерзімінде аптасына екі бокал шарап ішуге болатынын айтқан. Енді ғалымдар, жүктіліктің алғашқы үш айы ұрықтың дамуы үшін ерекше маңызды мерзім екенін ескертіп, арақ-шарап баланың жолдасы арқылы өтіп, шарананың өміріне үлкен қауіп төндіруі мүмкін екенін айтады.

Сондықтан жүктіліктің алғашқы үш айында түсік тастау қауіп арта түседі. Британдық дәрігерлердің айтуынша, жүктілік кезінде спирттік ішімдіктерді көп мөлшерде ішу ұрықтың миы мен басқа да органдарындағы түрлі патологиялық өзгерістерге әкеліп соқтырады.

Бұдан басқа, егер болашақ ана шөлмекке әуес болса, уақытынан бұрын босану немесе дүниеге өлі нәресте туылуы мүмкін. Айта кетелік, АҚШ дәрігерлері алкогольді жүктіліктің кез келген мерзімінде ішуге қарсы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/354454-galymdar-zhyktilik-kezinde-ishimdik-ishuge-tyjym-saldy.html