RU

Әлемдік таңқалдырған мыңтеңгелік банкнотқа қатысты үлкен дау шықты

Әлемді таңқалдырған төл теңгеміз түптеп келгенде заңға қайшы болып шықты. Мәселе Күлтегін ескерткіші бейнеленген мың теңгелік банкноттан басталған деп хабарлайды КТК арнасы.

Осыдан екі жыл бұрын әлемде ең үздік деп танылған ескерткіш банкнотты шығарушылар купюраға басылып шыққан жылын жазуды ұмытып кетіпті. Оның үстіне, мың теңгеліктің бүгінде бес түрі бар екен. Банкнот дизайнының бұлай жиі ауысуын ақша жеудің бір амалы дейді теңгенің алғашқы дизайнері.

Заңға қайшы деп танылған төл теңгеміз Күлтегін қаған суреті салынып, соның арқасында осыдан екі жыл бұрын әлем бойынша жылдың ең үздік банкноты деп танылған. Тек банкноттың шығарылған уақыты еш жерінде жазылмапты. Мұны мамандар заңға қайшы деп отыр.

Кез келген банкноттың сұлбасы президент жарлығымен бекітілген. Ал Күлтегін ескерткіші бейнеленген мың теңгелікте шыққан жылы жазылмаған

"Кез келген банкноттың сұлбасы президент жарлығымен бекітілген. Ал Күлтегін ескерткіші бейнеленген мың теңгелікте шыққан жылы жазылмаған. Яғни, бұл банкнот елбасының жарлығына қайшы. Дегенмен, бұл ақша қолданысқа жарамайды деген сөз емес. Мұндай жағдайлар әлем елдерінде кездесіп тұрады", - дейді қаржы қызметтерін дамыту ұлттық қорының төрағасы Михаил Кленчин.

Жалпы, төл теңгеміздің түріне қатысты соңғы уақыттары сын пікірлер аз айтылып жүрген жоқ. Себебі, осыған дейін бір ғана мың теңгелік банкноттың бес бірдей нұсқасы шығарылыпты. Олардың біреуі жасыл, екіншісі сары, ал елбасы жарлығына қайшы шыққан мың теңге тіпті қоңырқай тартып кеткен. Дәл осы мәселеге байланысты қазақ валютасының алғашқы авторы Хайролла Ғабжәлелов тіптен басқаша пікір айтты.

Банкнот түрін жиі өзгерту ақша жасаудың амалы дейді дизайнер.

"Ал қанша теңге бар деп айтсақ, ешкім бірден айта алмайды. Ұлттық банкте істеп жүргендердің өздері де, айта алмауы мүмкін. Әрбір жиынға арнап теңге шығарып жүр. Неге олай болып отыр? Себебі бұл үлкен бизнеске айналды", - деді теңгенің алғашқы дизайнері Хайролла Ғабжәлелов.

Мың теңге қазір де сауда-саттықта емін-еркін қолданылып жүр. Заңға қайшы болғандықтан бұны айналыстан шығарып тастай ма, жоқ па, ол туралы құзырлы органдар әзірге тіс жармай отыр. Ал егер шынымен де қолданысқа жарамсыз деп танылатын болса, банкноттың осы түрін шығаруға кеткен мемлекеттің қыруар қаржысы желге ұшқанмен тең болайын деп тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/354508-elemdik-tankaldyrgan-myntengelik-banknotka-katysty-ylken-dau-shykty.html