Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қыста жауған жаңбыр жолдарды көктайғаққа айналдырды

Опубликовано:

Елімізде ауа-райының күрт құбылуынан бірнеше аймақта жолдар көк тайғаққа айналған. Ақпан айы бел ортасына тақағанда жауған жаңбыр жұртты әбден әбігерге салды деп хабарлайды КТК арнасы.

Мәселен, Семейде оқушылар көкмұзда мертігіп қалмас үшін сабақтар тоқтатылған. Ал Қарағандыда жолаушылар автобусы жолдан тайып кетті. Абырой болғанда адам қазасы жоқ. Ақпан айы орта тұсына жеткенде Қарағандыда әдеттегідей қар емес, жаңбыр жауып, жұртты таң қалдырды.

Көшелер суға толып, ал қаладан шығатын жолдар мұз айдынын елестетеді. Соның кесірінен жолдан тайған автобусты құтқарушылар сайдан әрең алып шығарды.

"Қар, үсті мұз! Мұз болғасын тайғақ. Жол өте қауіпті", - дейді көлік жүргізушісі Серікбай Күбеев.

Сонымен қатар көктайғаққа байланысты Семей-Өскемен тасжолы да уақытша жабылған.

"Ауа-райы өте қолайсыз. Мәскеуден Өскеменге кетіп бара жатырмын. Тапсырушылардың берген уақытынан он күнге кешігіп барамын. Шығынға баттым. Себебі, жүкті күткендер біртіндеп бас тартып жатыр", - деді көлік жүргізушісі Дмитрий Пронин.

Тіпті осы көктайғаққа байланысты Семей мектептерінде сабақ та тоқталды. Ал мұзда жығылып, ауруханаға жеткізілгендер де жетерлік.

"Бізге келгендердің жартысы қол-аяғын сындырған. Жұмысқа асығамын деп, ауруханадан бір-ақ шығады. Студенттер де, зейнеткерлер де көмек сұрап жатыр", - деп атап өтті травматолог Құмар Сейілханов.

Толастай жауған жаңбырдың арты ақ ұлпа қарға ұласқан. Ал синоптиктер болса, ауа-райының құбылуы мұнымен шектелмейді деп отыр. Апта соңында қазіргі жылымықты -20 градустық аяз ығыстырады деген болжам бар. Сондықтан мамандар алыс жолға шықпаған жөн деп кеңес беруде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/354694-kysta-zhaugan-zhanbyr-zholdardy-koktajgakka-ajnaldyrdy/

pixel