RU

Шымкентте тыл ардагері үйіндіге айналған үйде тұрып жатыр

Шымкентте тыл ардагері бір жылдан бері қираған үйде тұрып жатыр. 78 жастағы Юрий Лапковскийдің үйі былтыр наурызда опырылып құлаған деп хабарлайды КТК арнасы.

Бұған қарияның есігінің алдындағы арықтардың көршілес коммерциялық мекемелер кесірінен бітеліп қалуы себеп. Салдарынан жаңбыр мен қар суы баспанаға ағылып, ақыры ескі үйді құлатқан. Ал қарияның бір жылдан бері үйіндінің ортасында тұрып жатқанынан не қала, не аудан шенеуніктері бейхабар.

Юрий Лапковскийдің үйі бір сәтте-ақ ортасына түсті. Былтыр наурызда нөсерлеп жауған жаңбыр суы ақсақалдың есігінің алдына жиналып, тізеге дейін жетіпті. Іргеге толған суды сыртқа төгіп әлек болып жүргенде, баспанасы көз алдында опырылып құлаған.

"Сол күні қызым келген еді үйге. Екеуіміз есік алдындағы суды сыртқа тасып шаршаған соң, үйге кіріп сәл дамылдайық дегенбіз. Сол сәтте ішкі бөлмелерден сақыр-сұқыр дауыс естілді. Есікті ашып қалсам үйдің төбесі құлап келе жатыр. Қызым екеуіміз әрең шығып үлгердік", - дейді  тыл ардагері Юрий Лапковский.

Ақсақалдың есігінің алдында арық бар. Тек, көршілес коммерциялық мекемелер үнемі құрылыс жүргізіп қоқыспен сол арықты бітеп тастапты. Содан көшедегі лайсаң су арыққа емес, ақсақалдың үйіне жиналған.

"Үй құламай тұрып, әкімдікке қанша айттым. Құлаған соң келіп, арықтың бітеліп тұрғанын өз көздерімен де көрді. Олар кете салысымен құрылыс жасап жатқан көршілес мекемелер сол күні экскаватормен арықты тазалап тастады. Ал менің үйімді тексеруге ресми комиссия бір аптадан кейін ғана келіп, "арықтарыңыз таза ғой" деп кетіп қалды", - деді Юрий Лапковский.

Бір қызығы, ақсақалдың қираудан аман қалған бір бөлмеде бір жылдан бері тұрып жатқанын не қала, не аудан атқамінерлері білмейтін болып шықты. "Арыз түспеген" деп міз бақпайды.

Қарияның балаларынан да қайыр жоқ екен. Құдай сақтап аман қалған Юрий Лапковский құтқарушылармен бірге үйіндіге айналған үйін айналып жүрген видеоны сол кезде бүкіл телеарналар көрсеткен еді.

Бірақ әшейінде ардагерлер барымыз дейтін әкім-қаралар тыл еңбеккерінің үйіне бір мәрте де бас сұқпапты. Қазір 78 жастағы қарияның қолында  медальдары мен ескі құжаттары ғана бар.

Соғыс кезінде 6 жасар бала болса да еңбек етіп, жеңіске кішкентай болсын үлесін қосқан ардагердің хәлі қазір ешкімді қызықтырмайды. Бізбен сөйлескен шенеуніктер Лапковский көршілерінің үстінен сотқа арыздансын деген ғана кеңес береді.

Тек, 80-ге таяған ардагер соттасуға мұршам жоқ дейді. Жергілікті шенеуніктерге өкпелі ақсақалдың бар арманы – жеңістің 70 жылдығын аман-сау көріп кету.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/354734-shymkentte-tyl-ardageri-yjindige-ajnalgan-yjde-tyryp-zhatyr.html