RU

Березовкада уланған балаларға әртүрлі диагноз қойылған

Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылы балаларының денсаулығын тексерген алматылық дәрігерлер оралдық мамандар қойған диагноздарды растамады.

Фото: azattyq.org

Әртүрлі диагноздан дағдарған ата-аналар талып қалған балаларын енді қалай емдетуді білмейді. Березовка ауылында талып қалған бірнеше оқушыны тексеру үшін Алматыдағы клиникаға жөнелткеннен кейін балаларды емдеуге қатысты мәселе шешілуі тиіс сияқты көрінген.

Бірақ кейбір ата-аналар "Алматыда 10 күннен көп болған балаларымыздың диагнозын көріп, тіпті дағдарып қалдық" дейді.

Дәрігерлердің тексеруінен өтіп, ақпанның 11-і күні Алматыдан Орал қаласына ұшып келген алты баланың үшеуінің денсаулығы күрт нашарлап кеткен.

Екеуі әуежайда тұншығып, есінен танып қалған. Дәрігерлер медициналық көмек көрсетіп, ес жидырған, бірақ ата-аналары балаларын ауруханаға жатқызудан бас тартқан.

Үйлеріне келіп, медициналық құжаттармен танысқан ата-аналар Алматыдағы республикалық "Ақсай" балалар клиникалық ауруханасы дәрігерлері Орал қаласы мамандарының диагнозын терістегенін көрген. 17 жастағы Динараның әкесі Қазбек Ермекбаевтың Азаттық тілшісіне айтуынша, сабақ үстінде бірнеше мәрте талып қалған қызына Орал қаласы мамандары қойған "эпилепсия" ("қояншық") диагнозын алматылық дәрігерлер растамаған.

"Біз ол жаққа емделу үшін емес, қызымның диагнозын қойдыру үшін барғанбыз. Дәрігерлер "уланудың неден болғанын токсикологиялық сараптамасыз айта алмаймыз" деді. Қызымды тексеріп, эпилепсия диагнозын терістеді де, "церебралдық синдром, жүйке жүйесі қызметінің бұзылуы" деген диагноз қойды", – дейді медициналық анықтамадағы диагнозды оқып берген Қазбек Ермекбаев.

Оралда диагнозды мүлде дұрыс қоймаған соң Алматыға барып едік, олар басқа диагноз қойып отыр. "Эпилепсия" диагнозын алып тастап, "жүйке жүйесі қызметінің бұзылуы" дегенді қойды.

Тағы бір оқушының – Кәмила Сағадатованың әкесі Нұрлан Жұмағазиев та осыған ұқсас жайтты баяндады. Алматылық дәрігерлер оның баласының да оралдық мамандар қойған "эпилепсия" деген диагнозын терістеген.

"Оралда диагнозды мүлде дұрыс қоймаған соң Алматыға барып едік, олар басқа диагноз қойып отыр. "Эпилепсия" диагнозын алып тастап, "жүйке жүйесі қызметінің бұзылуы" дегенді қойды. Ал қызым үш айдан бері жергілікті дәрігерлердің айтуымен эпилепсияға қарсы дәрі ішіп жүр. Енді ол дәріні тоқтату үшін дозасын біртіндеп азайтып, тағы бір ай ішуі тиіс", – дейді Нұрлан Жұмағазиев.

Алматыдағы республикалық "Ақсай" клиникалық балалар ауруханасының басшысы Ирина Брежнева Березовкадан келген екі науқас қыздың "эпилепсия" диагнозы терістелгенін растады.

Оның айтуынша, балаларға эпилепсия дерті жоғын арнайы жүргізілген тексеру мен "ЭЭГ (электрэнцефалограмма) мониторингі нәтижелері" растаған.

"Дәрігерлер балалардан анықтаған белгілер улы заттың зардабы болуы мүмкін бе?" деген сұраққа аурухана мамандары "мұны токсикологиялық сараптама арқылы ғана анықтауға болады, бірақ ондай сараптама Алматыда жасалмайды" деп жауап берді. Алматы клиникасы қызметкерлері Березовка ауылы балаларын тексеруге қатысты өзге жайттарды айтпады.

Алматыдағы дәрігерлердің тексеруінен оралған тағы бір баланың әкесі Тілек Темірғалиев 11 жастағы Темірланды халық емшісіне көрсету үшін бүгін Орал қаласына әкелген.

Орал дәрігерлерінің қойған диагнозбен салыстырып көргенмін, онда мүлде басқа диагноз жазылғаны есімде. Ұлымды емдетуді тоқтатпаймын, бірақ әзірше нақты қалай емдетуді білмеймін

"Қазір қолымда жоқ болғандықтан алматылық дәрігерлердің ұйғарымын сізге оқып бере алмаймын. Бірақ оны Орал дәрігерлерінің қойған диагнозбен салыстырып көргенмін, онда мүлде басқа диагноз жазылғаны есімде. Ұлымды емдетуді тоқтатпаймын, бірақ әзірше нақты қалай емдетуді білмеймін, баламның жағдайы жақсармай тұр", – дейді Тілек Темірғалиев.

14 жастағы Алинаның анасы Зүлфия Құсманғалиева "ауылдың үлкен-кішісі мұның бәрінен шаршады" дейді. Оның айтуынша, мұнай-газ конденсатын өндіретін Қарашығанақ кенішінің іргесінде орналасқан ауылда балалардың неден уланғанын жұрттың көбі онсыз да біледі. 

"Дәрігерлер мұны айтпайды. Әзірше Қазақстанда емдетуге тырысып көреміз, кейінгісін көре жатармыз", – дейді Зүлфия Құсманғалиева.

Облыстық көп салалы балалар ауруханасына қарасты медициналық көмек сапасын бақылау басқармасы бастығы Александр Гехман "облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен сұраңыздар" деген уәжбен Алматы дәрігерлерінің балалардың бастапқы диагноздарын терістеуіне қатысты комментарий беруден бас тартты.

2014 жылдың 28 қарашасында Березовка ауылында балалардың жаппай улануы мен оның қарсаңында Қарашығанақ мұнай-газ кенішінен зиянды заттар бөлінуі (ресми расталған) арасында байланыс барын оралдық дәрігер не растамайды, не терістемейді. 

"Неліктен балалар күкірт сутегінен уланды дейсіз? Бұл – дәлелденбеген, арнайы талдау жасап, зерттеулер жүргізіп қана дәлелденетін жайт. Ал ағзадан белгілі бір заттардың, белгілі бір маркерлердің табылуы – медициналық дәлелдеу емес, профанация", – деді телефон арқылы сөйлескен Александр Гехман.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Флюра Саматова "дәрігерлік құпия" деген уәжбен жағдайға қатысты комментарий беруден бас тартты.

 2014 жылдың 28 қарашасында Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылында алғаш рет балалардың белгісіз улы заттан жаппай улану оқиғасы тіркелген еді. Жергілікті мектепте сабақ үстінде 26 оқушы талып қалған. Содан бері улану оқиғалары бірнеше мәрте қайталанған, дәрігерлердің көмегіне 100-ден аса адам жүгінген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/355234-berezovkada-ulangan-balalarga-ertyrli-diagnoz-kojylgan.html