RU

Ақтауда студент хот-догпен бөліспеген курстасын өлімші етіп сабап тастады

19 ақпан күні Ақтаудағы "Болашақ" колледжінде жан түршігерлік оқиға болды. Дәретханада колледж студентін курстасы аямай ұрып тастаған.

Қатты соққыдан ауыр жарақат алған жасөспірім ақыл-есінен айырылған күйде ауруханаға жеткізілді деп хабарлайды tumba.kz.

Жәбірленушінің мұрны сынып, сол көзі  мен миы қатты зақымданған.Сондай-ақ, жақ сүйегі ауыр жараланған. Баланың анасы Сейілхан Байділдаеваның айтуынша, қанға боялған ұлын көргенде ол өз көзіне өзі сенбепті.

"Ұлым Қанат Сатылған "Болашақ" колледжінде екінші курста оқиды. Кеше күндізгі сағат 12:25 кезінде жұмысқа куратор телефон шалып, ұлымды ұрып кеткенін хабарлады. Ұлымды көріп, қатты қиналдым. Адамды бұлай өлімші етіп сабау үшін қандай қатыгез болу керектігін білмеймін", - дейді баланың анасы.

Оқиға былай өрбіген. Түскі ас кезінде асханада тамақ ішпек болып, Қанат хот-дог сатып алады. Сол кезде курстасы Батырхан келіп, одан хот-догты беруін талап етеді. Ал Қанат болса, тамақты өзіне алғанын айтып, бермейді.

Куртасының жауабы ұнамай қалған Батырхан бақылау камерасы жоқ жерге, яғни, дәретханаға әкеліп, Қанатты жұдырық астына алған. Бұдан бөлек, тағы екі студент оған көмектесіпті.

Қанаттың анасы ұлының қанға боялған жейдесі үйде сақтаулы екенін айтты. Қанат Сатылғанды сабаған студенттердің ата-анасы кешірім сұрағанымен, жәбірленушінің анасы істің сотта шешілетінін айтып, олар ұсынған ақшадан бас тартуда. 

Бүгінде аталған оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/356134-aktauda-student-hot-dogpen-bolispegen-kurstasyn-olimshi-etip-sabap-tastady.html