RU

Алматыда батпаққа құлаған оқушыны тұрғындар әрең аман алып қалды

Ерте көктем келген соң, қаланың қақ ортасында тұрып, ми батпаққа батып жатырмыз деген алматылықтар  наразылық шарасына шықты. Айтуларынша, кезінде су құбырлары тартылады деп қазылған көшелер қайта қалпына келтірілмеген.

 Ең қиыны, ашық қалған шұңқырларға сабақтан қайтқан оқушылар түсіп кетіп жатқан көрінеді. Ал соңғы күндері жауған жаңбыр жығылғанға тіпті жұдырық болып тұр.

Мектептен қайтқан бала көшенің бойындағы шұңқырға құлап, жарты сағат бойы жатып қалған. Айқайлаған даусын көршілері естіп, құтқарып қалыпты. 

"Бала кәдімгідей кеудесіне дейін арықтың ішіне балшыққа түсіп кеткен. Қайта адамдар көріп қалған. Әйтпесе өліп те қалар еді", - дейді Бақтыбай Сағындықов атты тұрғын.

Алғабастықтардың ми батбаққа батып жүргені бірінші жыл емес. Айта-айта өздері де шаршаған. Бірақ, халықтың бұлайша өре түрегелуіне кешегі қала әкімінің берген есебі түрткі болған. Айтуларынша, кінә - қала әкімінде емес.

Алматыда жұмақ орнауына кедергі келтіріп жүрген аудан әкімдері көрінеді. Жылда жалған ақпарат беріп, Ахметжан Есімовты алдап, адастырып жүрген жергілікті атқамінерлер екен.

"Аудан әкімі қала әкіміне өтірік айтады. Жылдағы есепте айтатын жауабын үш жылдан бері тыңдап келе жатырмын. Бұл араның газы да, жолы да, суы да болады деп үш жыл бойы өтірік айтып келе жатыр. Өтірік айтпасын. Істей алмайтын болса орнын босатсын. Халықтың талабы осы", - дейді Алғабас тұрғыны Әрмиябек Сағындықұлы. 

Аудан әкімі қала әкіміне өтірік айтады.Өтірік айтпасын. Істей алмайтын болса орнын босатсын.

Ал қала әкіміне өтірік айтып, алдаған жоқпын деген Бағдат Мәнзұров мырзаның сөзінше, әзірге тек қағаз жүзінде ғана сызылған өркениеттің орнайтын күні алыста емес.

"Биыл жылдың аяғына дейін кәріз су құбырын тартып бітіруіміз керек. Келесі жылға заявка бердік. Яғни келесі жылы асфальт түседі", - деді Алатау ауданының әкімі Бағдт Манзұров.

Әкімнің айтуынша, айналасы бір-екі жылдың ішінде алғабастықтар суға да, жолға да қарық болмақ. Ал оған дейін, батпақ кешіп, ауыз суды тасып ішуге тура келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/356809-almatyda-batpakka-kylagan-okushyny-tyrgyndar-eren-aman-alyp-kaldy.html