RU

Күрес түрлерінен Қазақстан чемпиондары анықталды (фото)

Талдықорғанда күрес түрлерінен Қазақстанның жазғы Спартакиадасы аяқталды. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өткен турнирде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды деп хабарлайды NUR.KZ.

Талдықорғандағы додаға еліміздің бар аймағынан үздік балуандар қатысты. Олимпиада жолдамасын сарапқа салатын Лас-Вегастағы әлем чемпионатына іріктеу тап осы Спартакиадада жүргізілетін еді.

Сондықтан, балуандар ел чемпионатында топ жарып, үздіктер қатарынан көріну үшін барын салды.

Турнирдің басты сенсациясы грек-рим күресінен Марғұлан Әсембековтің чемпион атануы десек, артық емес. Өйткені, 2 жылдан бері үлкен спорттан қол үзген Марғұлан ұлттық құрамаға қайта оралды.

Қазақстан чемпионатында ол 98 келі салмақтағы үздік балуан, Азия чемпионы, Азиада жүлдегері Ерұлан Ысқақовты жеңіп, құраманың бірінші нөмірлі спортшысына айналды.

66 келіде Алматы облысының намысын қорғаған Демеу Жадыраев чемпион атанды. Ол финалда Айбек Еңсехановтан басым түскен. 75 келідегі ең тартысты бәсеке Досжан Кәртіков (Астана) пен Мақсат Ережеповтің (Қостанай облысы) арасында өтті. Ұлттық құраманың үздігі болуға таласып жүрген екі балуан арасындағы тартыс Досжанның жеңісімен аяқталды. 85 келіде Шығыс Қазақстан облысының балуаны Нұрсұлтан Тұрсынов топ жарды. Нұрсұлтан Астанада өткен Азия чемпионатының алтын жүлдегері әрі ұлттық құраманың болашағы зор балуандарының бірі болып саналады. Грек-рим күресінен аса ауыр салмақта Нұрмахан Тінәлиевке қарсылас табылмады елден. Ол үшін Қазақстан чемпионаты әдеттегі жаттығу секілді өтті деуге болады. Еркін күрес шеберлері арасындағы бәсеке де аса тартысты өтті. Еркін күрестен Қазақстан Спартакиадасының жеңімпаздары: Расул Қалиев (57 келі), Дәулет Ниязбеков (61 келі), Мейіржан Әшіров (65 келі), Нұрлан Бекжанов (70 келі), Жігер Зәкіров (74 келі), Азамат Дәулетбеков (86 келі), Алихан Джумаев (97 келі), Дмитрий Попов (125 келі).Қызылорда облысындағы күрес мектебінің өкілі Дәулет Ниязбеков осымен бесінші мәрте Қазақстан чемпионы атанды. Дәулет Лондон Олимпиадасында қола жүлде үшін күресіп, 5-ші орын алған балуан. 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы Мәулен Мамыров өз ізбасарлары арасынан Олимпиада чемпионы шықса екен деп армандайды.

Еркін күрестен 125 келіде белдесетін үздік балуанымыз Дәулет Шабанбай жартылай финалда сүрініп, ел чемпионатының алтынынан айырылып қалды. Ол болашақ жеңімпаз Дмитрий Поповқа жол берді.

Бұрымды балуандар да аянып қалмады.

Элеонора Әбутәліпова (48 келі), Жұлдыз Ешімова (53 келі), Айжан Смағұлова (55 келі), Айым Әбділдина (58 келі), Мәдина Бақбергенова (60 келі), Екатерина Ларионова (63 келі), Жәмила Бақбергенова (69 келі) және Гүлмарал Еркебаевалар (75 келі) чемпион атанды.

Енді балуандардың алдында ең үлкен мақсат - 2016 жылғы Олимпиада ойындарына мейілінше көп жолдама ұтып алу міндеті тұр. Лицензиялық әлем чемпионаты биыл Лас-Вегаста өтеді. Суреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай және Бейбіт Сақбай 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/356889-kyres-tyrlerinen-kazakstan-chempiondary-anyktaldy-foto.html