RU

Шымкенттіктер ерекше той түрін ойлап тауып, көпшілікті таң қалдыруда

Өткен аптада Шымкент қаласындағы "Нұр – 777" тойханасында көпшілік көп ести бермеген ерекше той болып өтті деп хабарлайды "Замана" газеті.

 Құндызай Қалауова мен оның жары Мұрат Әсілбек  есімді қала тұрғындары өсіріп отырған алты қызына арнап "Жұлдыз той" жасады.

Бұл отбасы бүгінде Шымкенттің іргесіндегі Таскешу ауылында тұрады.­ Мұрат пен Құндызай аталған ауылдағы мектепте мұғалім. Алланың берген алты қызын алақандарына салып, әлпештеп отырған үлгілі отбасы.

Қыздарының алды Назым бүгінде Оңтүстік Қазақстан педагогикалық инс­титутында білім алып жүр. Осы уақытқа дейін ел-жұртты жинап, үлкен­дердің батасын алуды армандаған екен. Сол ойы жуырда жүзеге асты.

Кең жайылған дастарханы бар әдемі тойханада гүлдей жайнаған алты қызын орталарына алып бақытты ата-ана төрге шықты.

"Алтындай қыздарымызды өсіріп, еліне қызмет ететін елеулі қыз болулары үшін Сіздердің ақ баталарыңызды алсақ деп ниет еттік. Сол мақсатта ақ дастарханымызды жайып, өздеріңіздің бастарыңызды қосып отырмыз. Қазақта "Батаменен ел көгерер" деген жақсы сөз бар, аяулы қыздарымыз Алаштың ай маңдайлы аруы болып, бір елдің бесігін тербетіп жатса, үмітіміздің ақталғаны деп білеміз. Ендеше қыздарымызға деген ізгі тілектеріңізді айтып, тойымыздың куәсі болыңыздар", – деді Құндызай­ жиналған қауымға.

Реті келгенде айта кетейік, "Жұлдыз той" кәдімгі сүндет тойға ұқсайды. Мұндай тойды әдетте қыз өсіріп отырған отбасы жасайды.

"Жұлдыз той" деген атқа ие болған көңілді кештің  мұндай түрі бертін келе пайда болған. Тойда қыздарға арнап жұрт ақшадан шашу шашады, төрге отырғызып, ақ тілектерін айтады.

"Шынын айтайын, мен бұрын-соңды "Жұлдыз той" дегенді естімеппін. Мұрат пен Құндызай жұлдыз той жасап жатыр дегенді естігенде таңқалып едім", – дейді тойға жекжат болып келіп отырған Шәрипа есімді қонақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/357169-shymkenttikter-erekshe-toj-tyrin-ojlap-tauyp-kopshilikti-tan-kaldyruda.html