RU

Желіде туға салынған айыппұлға байланысты флешмоб басталды

Интернет қолданушылары әлеуметтік желіде Қазақстан туын ұстап түскен суреттерін жариялап отыр. Олар балконға ілінген ту үшін салынған айыппұлға осылай жауап берген.

 Кейбір қолданушылар болса, балконға өзге елдердің туын іліп қоюға шақырады. Балконына Қазақстанның мемлекеттік туын ілген Астана тұрғынына айыппұл салған билік әрекеті осындай наразылық тудырды.

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің ұлыбританиялық Мартин Мюррейді жеңгеніне қуанған астаналық тұрғын Жандос Құрманбаев пәтерінің балконына Қазақстанның мемлекеттік туын ілген кезде патриоттық сезімін танытқаны үшін жауапқа тартады әрі айыппұл салады деп ойламаған.

Жергілікті билік Жандос Құрманбаев "Мемлекеттің рәміздерді заңсыз пайдалану" бабы бойынша әкімшілік заңды бұзған деп есептейді. Астана қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы өкілі мен полицейлер куәлердің көзінше хаттама толтырып, Жандос Құрманбаевқа 396 400 теңге (шамамен 2 134 доллар) айыппұл салған.

Ал туды заттай айғақ ретінде тәркілеген. Жандос Құрманбаев айыппен келіспейтінін әрі айыппұлға қатысты шағымданатын айтады.

"Айыппұл көлемі - 396 400 теңге... Мен үшін көп ақша, заңгерлердің көмегіне жүгініп, шағымданамын. Өз елімнің патриотымын, бірақ биліктің мына әрекетінен кейін тіпті елден кетіп қалғым келді", - дейді Құрманбаев. 

Балконға ту ілгені үшін салынған айыппұл туралы хабар әлеуметтік желілерде тез тарап кетті. Желіде ‪#‎меніңбайрағым #‎этомойфлаг‬ хэштегін қолданушылар көбейіп барады.

Кейбір қолданушылар интернетте Қазақстанның мемлекеттік туы жанында түскен суреттерін жариялай бастады. Енді біреулері балконнан өзге елдердің туын іліп қоюға шақырады.

Литва туын таңдаған Merey Mustafina деген қолданушының жазуынша, ту ілудің "ешқандай саяси астары жоқ". Оның пікірінше, тек Украинаның туын ілу ғана "саяси тұрғыдан дұрыс емес" көрінуі мүмкін. Пост авторы "сары-көк түсті ту ілу - халықты әлдебір наразылыққа шақыру" деп есептелуі мүмкін деп болжайды.

​Самсон Безмятежный деген пайдаланушы болса, желіге "өз туын" жариялапты: ​Айыппұл салынған астаналық тұрғынды әлеуметтік желі қолданушыларынан бөлек заңгер Михаил Кленчин қолдады.

Ол Азаттық тілшісіне берген комментарийінде қаулыға қатысты шағымдану сотында Жандос Құрманбаевтың мүддесін қорғауға әзір екенін хабарлады. Кленчин "егер сотта жеңілсек, айыппұлды өз қалтамнан төлеймін" деп мәлімдейді.

Қазақстанның мемлекеттік рәміздері туралы заңына сәйкес, президент, парламент, министрліктердің, жергілікті заң және атқару органы резиденциясы ғимараттары мен елшілік ғимараттарының үстіне міндетті түрде мемлекеттік ту орнатылады. Заңда қожайындарының қалауы бойынша өзге ғимараттардың (бөлме) үстіне де туды ілуге болатыны айтылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/357761-zhelide-tuga-salyngan-ajyppylga-bajlanysty-fleshmob-bastaldy.html