RU

Керекулік су перісі тағы да бұзақылардың құрбаны болды

Павлодардағы су перісінің мүсіні тағы да бұзақылардың құрбанына айналды. Бұл жолы тас мүсін едәуір зақымданған. Мамандар оны тұғырынан алып тастауға мәжбүр болды.

 Қазір ескерткіш "Горкомхоз" кәсіпорнының қоймасында тұр. Жағажайдың көркіне айналған су перісінің қазіргі кейпін тану қиын. Басы сынып, бет-әлпеті әбден бүлінген ескерткіш енді осы қойманың бұрышын паналамақ.

Тұрғын-үй коммуналды шаруашылығы бөлімінің мамандары ескерткіштің қаланың балансына өтпегенін айтады. Сондықтан, әзірге жөндеу мәселесі де шешілмеген.

"Қайта-қайта жөндеуден өткізіп, ары-бері тасығаннан шаршадық. Тағы да өңдеп, орнына қоямыз. Бірақ, кезекті рет бұзақылардың құрбанына айналмасына кім кепіл?!", - дейді мамандар.

Сондықтан, аумаққа бақылау камерасын қою мәселесін көтерген жөн. Ертіс өзенінің жағасына орнатылған су перісінің мүсіні осымен бірнеше рет шабуылға ұшырады. Алғашында әлдекімдер көзін шұқып, денесін кескілеген соң ескерткішті қайтадан құюға тура келді.

Алайда, жаңарған ертегі кейіпкеріне тап бергендер тиылар емес. Су перісі ұзын саны үш рет тұғырынан құлатылды. Соңғы рет бұл жағдай ақпанның 22-сінде қайталанған.

Сол кезде де мамандар маңайға бақылау камерасын орнату қажеттігін айтқан еді. Бұл оқиғаға қатысты полицейлер қандай да бір түсінік бермеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/357885-kerekulik-su-perisi-tagy-da-byzakylardyn-kyrbany-boldy.html