RU

Қазақстандағы қауіпті мамандықтарды игерген арулар (фото)

Әйелдерді нәзікжанды дегенімізбен, оларды әлсіз деп айта алмаймыз. Әйелдің нәзіктігі мен қоса батырлығы да бар. Қоғамда оны дәлелдеп те жүр.

Мысалы, кей нәзікжандылар ер азаматтардың батылы бармайтын жұмыстарды дөңгелетіп жүр. NUR.KZ тілшісі аналар мерекесіне орай батыр нәзік жандыларды іздеп көрген еді.

Алматылық Симона есімді студент парашютпен әуеде қалықтаудың шебері. Бұл іспен айналысқанына 5 жылдай болып қалған.

Осы уақыттың ішінде әуеде еркін қалықтау бойынша бірнеше жарысқа қатысып, жақсы нәтижелер де көрсетіп үлгерген.

Симонаның ата-анасы оның өміріне қауіпті іспен айналысуына тіптен қарсы емес. Себебі, олар да жастайынан осы іспен айналысып келеді.

Ал Симона болса болашақта кедергілер болмас үшін осы салада 10 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан жігітпен көңіл қосқанын айтады.

"Алдағы уақытта әуеде жүріп түрлі көріністерді бейнелейтін трюктер жасауды үйренгелі отырмын. Әуеде ұшу, қалықтау менің бала кезден бергң арманым. Мен бұл жұмысымды ешқашан тастамаймын. Қайта дамыта түскім келеді", - дейді Симона.

Ал Динара есімді мына ару мотоциклмен ел аралағанды ұнатады. Әр жылы жазда, яғни байкерлер жұмысы басталған кезде, достарымен осы екі дөңгелекті көлігіне отырып Қазақстанның түрлі облыстарын, тарихи жерлерді аралауға кіріседі.

Динараның ата-анасы қызына мотоциклды таста деп талай рет екерту айтыпты. Бірақ ол: "Мен бар ісімді тастап, мотоциклмен айналысып кеткен емеспін. Жұмысымды да тастамаймын,  қатар алып жүремін. Дегенмен достарыммен қыдыратын кезде, байкерлер жиынына баратын уақытта ата-анамның, туыстарымның көзіне түспеуге тырысамын", - дейді.

Динараның өзі еліміздегі беделді компаниялардың бірінде менеджер болып қызмет етеді. Ал биылғы маусымға жоспары көп. Шығыс Қазақстанды аралауға бел буып отыр.

Мотоциклді серік еткеніне 4 жылға жуық уақыт болыпты. Болашақта бұл ісіне түсіністікпен қарайтын жар кездессе екен деген тілегі бар.

Тоты Әмірованы танымайтын қазақ жоқ шығар. Ол ТМД елдері ұшқыштары арасынан әуе кемесі экипажының командирі болған әзірге жалғыз әйел. Алайда Тотының өзі ұшқыштарды әйел, ер деп бөлуге қарсы.

Тоты Әмірова бала күнінен ұшқыш болуды армандапты. Өсе келе мақсатына жету үшін өз- өзіне талап қойған. Ата-анасын араластырмай, осы сала бойынша жоғары білімді өз күшімен алған.

"Бұл сала бойынша көптеген қыздар оқып жатыр. Білімі мен ойы, ұстамдылығы ерікті қыздарға ұшқыш атануға ешкім кедергі бола алмайды. Әрі, ешкім олардың осы мамандықты игеруіне көмектесе де алмайды. Әр адам өзіне сенімді болуы керек. Әсіресе ұшқыш", -  дейді Тоты.

Бұл Рано Пархатова есімді бойжеткен. Былғары қолғапты серік еткеніне 7 жылдан асты. Осы уақытқа дейін бокстан Қазақстан чемпионы атанған. Халықаралық жарыстарда да талай рет Қазақстанның намысын қорғады.

Бүгінде Раноға бапкерлері үлкен үміт артып отыр. Өзі де алдына үлкен мақсаттар қойған. Сол үшін өмірін спортқа арнап отыр десек те болады.

Себебі, оқу-жаттығу жиындарында жарысқа дайындалып, туған-туыс, ата -анасын аптасына бірнеше сағат қана көріп қайтады.

Раноның жасы 23-те. Десе де жеке өміріне әлі уақыты жоқ екен. Өзіне спортты түсінетін жігіт кездессе екен дейді.

Ал оның туыстары болса қыздарының спорттағы нәтижесіне мақтанышпен қарайды. "Жеке өміріңді ұмытпа", -  деген сынды кеңестерін де жиі айтып отырады екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/358718-kazakstandagy-kauipti-mamandyktardy-igergen-arular-foto.html