RU

Әлемге әйгілі көйлекті жарнамаға пайдаланушылар көбейді

Отбасындағы әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықпен күресуге шақыратын "Құтқару армиясы" (Army of Salvation) қайырымдылық қоры ғаламторды шулатқан көйлекті жарнама үшін пайдаланды.

 Жанұяда нәзік жандыларға қарсы күш қолданумен күресуді үгіттейтін ақпараттық постер шығару керек болған ұйым жергілікті жарнама компаниясына осы тақырыпқа қатысты тапсырыс береді.

Нәтижесінде компанияның креатившіл тобы желіге келушілердің талас-тартысын тудырған көйлекті ізгі мақсат үшін пайдалануды ұйғарып, бұл туралы "Құтқару армиясына" хабарлап, келісімдерін алады. Атышулы көйлекті сәнбикеге кигізіп, оның үсті-басын түрлі жарақат алғандай етіп, гримдеп, бояйды.

Ал жарнамадағы жазуда былай делінген: "Егер "ол мұндай өмірді өзі таңдап алды" деп ойласаңыз мүлде қателесіз. Әрбір алтыншы әйел отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шегуде. Нәзік жандыларға қарсы зорлық-зомбылықты бірге тоқтатайық".

Қайырымдылық қорының өкілі Фрэнк Бергойн бұл жарнамаға қатысты былай деді: "Талайлардың тартысын туғызған көйлекті қайырымдылық мақсатта қолданғанның ешбір әбестігі жоқ. Керісінше, біз осы арқылы бүгінгі күнгі әйелдердің басты қиындықтарының біріне қарсы күресу жолында жұмыла түсетін боламыз".

Ал ғаламторға келушілер жарнамаға бірден көңіл аударып, оны твит арқылы әрі қарай тарата жөнелді. "Қайырымдылық қорының мұндай танымал тақырыпты қолдануы – мақтан тұтарлық нәрсе", - деп жазыпты желіні пайдаланушылардың көбі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/358854-elemge-ejgili-kojlekti-zharnamaga-pajdalanushylar-kobejdi.html