RU

Президенттікке үміткер Үктішбаев қазақ тілінен емтихан тапсыра алмады

Бүгін Орталық сайлау комиссиясында президенттікке кандидат Есенбек Жапарұлы Үктешбаевтың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы болды.

Лингвистикалық комиссияның шешімімен  президенттікке кандидат Есенбек Жапарұлы Үктешбаев мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деп танылды.

Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков комиссияның шешімді ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылдағанын жариялап, емтихан барысы туралы айтып берді.

"Таңдаған тақырыпты ашу талап етілетін жазбаша тапсырмада кандидат өз ойын қисынына келтіріп жеткізе алмады, сөз тіркестерінің әдеби нормаларын бұза отырып, сөйлемдерді стилистикалық жағынан дұрыс құрған жоқ. Жазбаша тапсырманың көлемі талап етілетін екі парақтан кем болды", - деді ол.

Комиссия төрағасының сөзіне қарағанда, екінші сынақта үміткер Мұқағали Мақатаевтың "Сезім" атты өлеңін оқуда да қателер жіберген және оқылған өлеңнің мазмұны бойынша комиссияның қойған сұрақтарына жауап бере алмаған.

"Қоғам және демократия" деген тақырыпта көпшілік алдында сөз сөйлеуге қажетті 15 минуттың орнына кандидат 10 минут сөйледі. Тақырыпты ашпады, әдеби тіл нормаларын бұзды және сұрақтарға қанағаттанарлықсыз жауап берді", - деді Жолдасбеков.

Отырысқа  Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен де қатысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/358891-prezidenttikke-ymitker-yktishbaev-kazak-tilinen-emtihan-tapsyra-almady.html