RU

БҚО-да мұғалімді балағаттаған оқушының ата-анасына айыппұл салынды

Батыс Қазақстан облысында мұғалімге балағат сөздер айтқан тәртіпсіз оқушының ата-анасы айыппұл төледі.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі қарауға Орал қаласындағы мектептердің бірінде орын алған оқиға себеп болған. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Орал қаласында орналасқан мектептердің бірінде Б. есімді оқушы мұғалім Д. сабағында құлаққап киіп, музыка тыңдап отырған. Сонымен қатар, Б. сабаққа дайындықсыз, ешбір оқу құралдарынсыз келген.

Сонымен бірге ол мұғалімнің ескертуіне құлақ аспай, дөрекілік танытып, балағат сөз айтқан. Тәртіпсіз оқушыға шара қолдану үшін, мұғалім полиция бөлімшесіне жүгінуге мәжбүр болып, оның заңды өкілдеріне қатысты әкімшілік хаттама рәсімделген.

Мұғалімнің полиция бөлімшесіне жүгінгеніне қарамастан соттың істе қаралуына дейін, не оқушы, не оның ата-анасы болған жайтқа қатысты кешірім сұрамаған.

Батыс Қазақстан облысы кәмелетке толмағандардың icтepi жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аталған құқық бұзушылық үшін Б-ның ата-анасына 13 874 теңге әкімшілік айыппұл салды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/359051-bko-da-mygalimdi-balagattagan-okushynyn-ata-anasyna-ajyppyl-salyndy.html