RU

Жамбыл облысында әйел ауыл тұрғындарын итіне талатуда (видео)

Жамбылда бес адам итке таланды. Зардап шеккендер қазір ауруханаға жеткізілген. Итке таланған жандарға құтыру диагнозы бойынша сараптама жүргізілуде.

Ал қабаған иттің өзін тексеру мүмкін болмай тұр. Қорада байлаулы болуы тиіс питбуль тұқымын қожайыны көрсетпей отыр.

Байзақ ауданының тұрғындары баспанасына кіріп шығу үшін басын бәйгеге тігуге мәжбүр. Көшеге шықса көршінің төбеті талайды. Бір емес бірнеше жылдан бері солай дейді олар. Мәселен дәл сегізінші наурыз күні дәл осы үйдің екі иті бес адамды талаған.

"Баламды талап жатыр екен. Мен үйде едім. Ажыратуға келіп біреуін таспен ұрып едім. Иттің иесі "фас" деп мені талатты. Міне енді көріп тұрсыздар салдарын", - дейді  Байзақ ауданының тұрғыны Исенбек Құсенов. 

Раушан Үкеева төбетке таланып, ауруханаға түскен жандардың бірі. Сорақысы сол иттің қожайыны ажыратудың орнына айтақтатып, өлімші етіп талатқан.

"Бұған РОВД-ның әлі келмейді. Прокуратураның әлі келмейді. Бұл бірінші рет емес. "Фас" деді сол кезде мені талады. Егер көршінің баласы болмағанда өлігімді алып кетер еді", - дейді Байзақ ауданының тағы бір тұрғыны Раушан Үкеева.

Адамға шабатын ит кәдімгі төбелес құмар питбуль тұқымы. Тістеген жерін жұлмай жібермейтін ит көше кезіп жүретін көрінеді. Жұрт иесіне ескерткенмен елемейді. Бүгін де біраз көрші ит иесінен сөз естіді.

Итін тәртіпке шақырған тұрғындарға тап берген Роза Буташева төбетінің қылығы үшін қымсынбайды. Қайта қоштайды. Қажет болса қасқыр асырайтынын айтады. Қазір мамандар ит қапқан адамдарға құтыруға қарсы екпе егіп әуре.

Ал тістеген төбеттің ауру-ауру емесі әлі анықталған жоқ. Қожайын келген мамандарға итін айтақтатып, үй маңына жолатпайтын көрінеді. Баса көктеп кіруге заң қолбайлау болып тұр дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/359374-zhambyl-oblysynda-ejel-auyl-tyrgyndaryn-itine-talatuda-video.html