RU

Өлеңді көзіне жас алып оқыған кандидат қазақ тілінен сынақты сәтті тапсырды

Қанат Төрегелдиев президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия сынынан сүрінбей өтті.

 "Кандидат бірінші сынақта "Отты жылдар тағылымы" тақырыбын әжептеуір ашқан. Қателері де бар. 7 қате жіберіпті, емледен 2-еу, тыныс белгісінен - 4, стилдік 1 қате кеткен. Жұмысы жаман емес, жап-жақсы", - деді кандидаттың сынақ нәтижесін таныстырған лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков.

Оның атап өтуінше, екінші сынақта кандидат Фариза Оңғарсынованың поэзиясын барынша мәнерлеп оқып, комиссия мүшелерінің көңілінен шыққан.

"Үшінші сынақта "Халық тарихы және рухани жәдігерлер" тақырыбында сөз сөйледі. Дегенмен, Қанат мырза рухани жәдігерлер дегенді онша ұға алмадың. Рухпен шатастырдыңыз. Сізге бірқатар сұрақтар қойылды. Болашақта есіңізде болатын нәрсе, әрбір сауалға жауабыңыз үстірттеу. Содан кейін ойыңызда жүйелілік, нақтылық жағы жоқ. Шынтуайтына келгенде Төрегелдиев Қанат Сыбашұлы қазақ тілінде сайрап тұр. Қолма-қол өлең жазады, шығарманың өзін өлеңмен бастапты. Сондықтан комиссия мүшелері кең талқылап, әлгіндей қателері болғанымен, ой жүйесінде үстірттік орын алғанымен Қанат Төрегелдиев қазақ тілін еркін меңгерген деген қорытынды шығарды", - деді комиссия төрағасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/359453-olendi-kozine-zhas-alyp-okygan-kandidat-kazak-tilinen-synakty-setti-tapsyrdy.html