RU

Оралдық "магнит әйел" 40 минут бойы денесіне темір жапсырып тұрды

Қазақстанның рекордтар кітабына енген оралдық Қарлығаш Нығметова өз рекордын жаңартты.

 

Денесіне металл бұйымдарын жапсыра алатын ерекше қабілетке ие болғандықтан, жұрт оны "магнит әйел" атап кеткен.

Ол еліміздегі түрлі телебағдарламаларға қатысып, өзінің осы қабілетімен талайларды таң қалдырып жүр.

Бұған дейін "магнит әйел" денесіне жапсырылған салмағы 1,5 келі тартатын темір бұйымдарды 10 минут бойы ұстап тұрған еді. Қарлығаш бұл жолы оның уақытын 40 минутқа жеткізді.

Денесіне металл бұйымдардың жабысатынын ол бірден байқамаған. 20 жыл бұрын, яғни тұңғыш қызы дүниеге келгеннен кейін тұла бойында бір өзгерістің болғанын сезеді. Қарлығаш Тілеуғалиқызы содан бері ізденіс үстінде келеді.

Қазір ол бойындағы магниттік биоэнергияны өзгелердің денесіне уақытша дарыта алатын деңгейге жеткен.

"Болашақта бұдан да ұзақ уақытты бағындырамын деп ойлаймын. Әрине, осының өзіне жету маған оңайға түскен жоқ. Кезінде ешкім сенбеді, бірақ қазір бойымдағы ерекше қабілетті көпшілікке дәлелдеген сияқтымын. Ендігі арманым – Гиннестің рекордтар кітабына ену", -дейді Орал қаласының тұрғыны Қарлығаш Нығметова. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/359868-oraldyk-magnit-ejel-40-minut-bojy-denesine-temir-zhapsyryp-tyrdy.html