RU

Алматы әкімдігі көшеде тұрақ үшін ақша жинайтындардың әрекетін заңсыз деп атады

Алматы әкімдігі жүргізушілерге айыппұл салу туралы үкіметке ұсыныс жолдап отыр. Дәлірек айтқанда, автоматтандырылған автотұрақ ақысын төлемегендерге шара қолдануды сұрамақ.

 Себебі заң жүзінде оларды жазалау жағы қарастырылмаған. Дегенмен, қала көшелерінде тұрақ күзетушілері қаптап кеткен. Қалалық әкімшілік 10 шақты ұйым жүргізушілерден заңсыз ақша жинайтынын айтады.

Абылайхан даңғылы мен Қазыбек би көшесінде көлік иелеріне қызмет еткен күзетшінің жауабы осы. Қасында серігі бар. Екеуінің құжат, түбіртегі жоқ. Олар көзді-ашып жұмғанша жасыл белдемшесін шешіп, автотұрақты тастап, қашып кетті.

Ал олардың тағы бір әріптесі бой тасалап үлгермеген соң, сөйлеу қабілетінен айырылып қалды. Шевченко көшесіне  келіп, кетіп жатқан көлік көп. Автотұрақ қызметкері бейнекамераны көріп, жұмыс орнын тастап, дүкенді тасалады.

Ол аты-жөні жұмбақ бастықтарына ақша жинап, тапсыратынын айтады.  Ал кейбірі жолдың шетінде кеңсе ашып алғандай.

Тар жолда орындыққа жайғасқандардың да құжаты жоқ. Көше торуылдап, көлік тұрақтарын билейтін жасыл белдемше кигендерді жүргізушілер де жақтырмайды. Олар көлігіңіз бүлінсе жауап бермейді, есесіне 100 теңге сұрайды.

Алып шаһарда автотұрақтан қанша адамның жан бағып жүргенін айту қиын. Қалалық әкімшіліктің мамандары да мұндай тұрақтағы жалған күзетшілер бизнесін жабуға қауқарсыз.

"Заңсыз істеп жатқан ұйымдар бар. Олар бойынша ІІД-ге біздің тарапымыздан хаттар жіберілді. Ол үшін автоматтандыру орнату керек", - дейді Алматы қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.

Қалада 200 адамның автотұрақ қызметкері деген мәртебесі бар. Олар былтыр қала қазынасына 75 миллион теңге кіріс әкеліпті. Бұл алматылық жүргізушілердің тұраққа бір жыл бойы төлеген қаржысы, қомақты ақша.

Дегенмен автотұрақ ақысын төлеуге жүргізушілер міндетті емес. Өйткені оны мәжбүрлейтін бізде заң, ереже жоқ. "Бірақ әкімдік қызметкерлері автотұрақ қызметкерлері күнделікті қазынаға қосымша қаржы тапсыру керек", - дейді.

"Ол жер теліміне байланысты күнделікті ақшаны тапсыруға міндетті. Жоспарды атқармаса жұмыстан шығармайды. Бонус алу үшін олар жан-жақты тырысады", - дейді Алматы қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.

Әкімшілік 4 күн бұрын оқтан аман қалған 20 жастағы Алпамыстың құқығын қорғауға әзір.

Бұған қоса, тұрақ ақысын төлегісі келмейтін жүргізушілерге айыппұл салу туралы үкіметке ұсыныс жолдады.

Әрі биыл автотұрақ қызметкерлерінің санын қысқартуды жоспарлап отыр. Алайда олардың ертең қалаған жерде заңсыз ақша жинамасына кепілдік жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/360602-almaty-ekimdigi-koshede-tyrak-yshin-aksha-zhinajtyndardyn-ereketin-zansyz-dep-atady.html