RU

Қазақстандықтар арасында үйін ұлттық нақышта безендіру сәнге айналды

Үйлерін ұлттық нақышта сәндейтін қазақстандықтардың қатары артып келеді. Этнодизайнердің көмегімен бір бөлме, тіпті толық пәтер кәдімгі киіз үйге айналады.

 Ескінің көзін жаңғыртамыз деп эстрада жұлдыздары да белсенділік танытып жүр. Эстрада жұлдызы Қарақат Әбілдина дүкен аралауға шығыпты. Сахналық көйлек алу үшін емес, ұлттық нақыштағы кілем таңдап жүр.

Наурыз мерекесінде әнші сапалы, әдемі, бастысы, қазақы сыйлық алуды жөн көріпті. Жаңаарқаның жанға жайлы саф ауасымен тыныстап, топырағында аунап өскен Қарақат "ұлттық дүниеге ғашықпын" дейді.

Сөз арасында эстрада жұлдызы жастайынан балаларының қазақы болмысын қалыптастыру үшін болашақта үйін этноүлгіде сәндеуді ойлап жүргенін айтып қалды.

Біздің ұлттық дүниеміз жиһаз әлемнің төресі саналатын итальяндықтардың да талай мәрте таңдайын қақтырған.

"Бұйыртса, өзімнің үлкен жер үйім болған кезде, үйімді ұлттық нақышта безендіруге дайынмын", - дейді әнші Қарақат Әбілдина.

Жаһандану, жандану заманында ұлттық дүниеге шөлдеген жандардың көңілінен шығып жүрген компаниялардың бірі – "Қазақ оюлары" кәсіпорны. Таза жүннен жасалып, бетіне түрлі-түсті ою түскен кілемдер кез келген шаңырақтың көркін ашады.

Шағын төсеніштен бастап 3 метрлік кілемдерге дейін бар мұнда. Халықтың сұранысы да жоғары. Компания басшысы мұның себебін былай түсіндіреді.

"Кез келген қазақы ата-ана оюды ыстық қабылдайды, көненің көзін көргендей көздері жарқ етеді, тарихпен байланыс тапқандай әсер алады. Әдемі қазақы оюлар біздің болмысымызды қалыптастырады деп ойлаймын", - дейді "Қазақ оюлары" ЖШС басшысы Толғанай Елекбаева.

Атақты этнодизайнер Ырза Тұрсынзаданың пәтерінде  құрақ көрпе, ағаш астау, тіпті тары түйетін көне келі мен келсап – бәрі заманауи дүниелермен ұштасып тұрғандай.

Қазақ қолөнерін жаңғыртып қана қоймай, төрткүл дүниеге танытып жүрген этнодизайнердің айтуынша, біздің ұлттық дүниеміз жиһаз әлемнің метросы саналатын итальяндықтардың да талай мәрте таңдайын қақтырған.

Шетелдің көрмелеріне барғанда, рухтанып, еліммен мақтанып келемін. Себебі біздің заттарымыз дүниежүзінің аузын аштырады.

"Мен қазақтың дүниесін тек қазақ халқы ғана түсінеді деп ойлайтынмын. Шетелдің көрмелеріне барғанда, рухтанып, еліммен мақтанып келемін. Себебі біздің заттарымыз дүниежүзінің аузын аштырады. Біздің тамырымыз тереңде жатыр. Кез келген халық терең тарихымен, терең мәдениетімен, терең өнерімен, адамзатты таңқалдыра алатын дүниелерімен мақтана алмайды", - дейді "Алтын Орда" авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы, этнодизайнер Ырза Тұрсынзада. 

Киім киісіңіз, қоршаған дүниелеріңіз сіздің үнсіз тілмашыңыз. Олар иесі туралы шешен сөйлеп тұрады. Сондықтан этноүлгідегі интерьер отбасының болмысын, өткенге құрметін, болашаққа бағдарын айқындайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/361433-kazakstandyktar-arasynda-yjin-ylttyk-nakyshta-bezendiru-senge-ajnaldy.html