RU

Петропавлда 84 жастағы тыл ардагері адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр

Петропавлда 84 жасқа келген Ғайникамал Ахметшинаның өзіне қарайтын шамасы жоқ. Қарияның еңкейгенде ешкімге керегі болмай қалған деп хабарлайды КТК арнасы.

Ыстық тамақты ара-тұра таныстары мен көрші-қолаң тасиды. Баспанасы да апатты жағдайда.

Ғайникамал әжей құлағалы тұрған үйде жалғыз тұрады. Үйдің жартысы осыдан бірнеше жыл бұрын өртенген екен. Сол жолы көрші қолаң жиналып, қарияның үйін жамап-жасқап беріпті. 84 жастағы Ғайникамал Ахметшина - еңбек ардагері. Тұрмыста болғанымен құрсақ көтермепті. 22 жыл бұрын шалы қайтыс болған. Содан бері жалғыз. Туыстарының қолына барғысы жоқ.

"Қайда барамын өздерінің отбасы бар. Екі еркек баласы қолында тұрады. Әйелдері қабылдамайды", - дейді еңбек ардагері Ғайникамал Ахметшина.

Қазір кейуананың аяғы жүрмейді, көзі көрмейді. От жағып, үй жылытуға да қауқарсыз. Қолдары күс, киімі лас. Ара-тұра бас сұғатын танысы бір мезгіл ыстық тамақ әкеледі екен.

"Жуынуға шамасы келмейді. Үйі суық, су жоқ. Бұл жерде жуыну мүмкін емес. Бұрын моншаға баратын, жанары сөнгелі одан да қалды", - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Надежда Архипова.

Әжейдің ауыр жағдайынан жуырда ғана хабардар болған шенділер қарияның тұрып жатқан үйін қарап шықты. Халін сұрап, не көмек керектігін білді.

"Биыл ол жеңістің 70 жылдығына мерейтойлық медаль алады. Оған қоса 25 мың теңге әлеуметтік көмек бар. Ас-суына қарайласып тұратын қызметкер тағайындаймыз", - дейді Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкеріӘлима Бекназарова.

Ғайникамал әжей тың игеру жылдары вагонға бидай артып, жүк тасымалдаушы болған екен. Бейнетінің бар зейнеті - айына алатын 30 мың теңге ғана. Бірақ оны жаратудың өзі мұң. Баспанасы бар болғасын оны ешкім пәтер кезегіне қоймаған. Ал қарттар үйіне баруға үзілді-кесілді қарсы болып отырған кейуана жалғыз арманын жасырмады.

"Маған әжетхана болсын, су, бір жылы орын болсын. Сол басқа керегі жоқ ештеңе керегі жоқ", - дейді қарт.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/362119-petropavlda-84-zhastagy-tyl-ardageri-adam-tozgisiz-zhagdajda-omir-syrip-zhatyr.html