RU

Оралда мас күйінде көлік жүргізген ҰҚКД қызметкері жүргізушілік куәлігінен айырылды

Оралда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері 2 рет мас күйінде көлік жүргізгені үшін 6 жылға жүргізуші құқығынан айырылды.

Бұл туралы mgorod.kz сайтына сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

30 наурызда Оралдың мамандандырылған әкімшілік соты Алматының ҰҚКД шекара қызметінде жұмыс істейтін Алмат Есенжановқа қатысты шешім қабылдады.

27 наурызда түнгі сағат 3-терде "Dodge" көлігін айдап келе жатқан Алмат Есенжановты полиция қызметкерлері тоқтатты.

Тәртіп сақшылары  Алматының ҰҚКД шекара қызметінің бас жүргізушісі Есенжанов мас күйде болғанын анықтады. 2012 жылы азамат дәл сондай жағдайда ұсталып, оған екі жылға көлік жүргізуге тыйым салынғаны белгілі болды.

"Жүргізуші құқығын қайта алғанына жарты жыл болмай жатып, ол тағы да заңды бұзды", - деді мамандандырылған әкімшілік сот төрешісі Ботагөз Нұрмағамбетова.

Айта кетерлігі, көлік жүргізу құқығынан бұған дейін айырылғанына қарамастан, азаматты құқығы қайтарылғанда ҰҚКД шекара қызметінің 2029 әскери бөлімі бас жүргізуші етіп жұмысқа алған.  

Сотта Алмат Есенжанов көлікті жүргізбегенін, досымен көліктің артқы орнында сыра ішіп отырғанын айтып ақталуда. Алайда сот прокуродың дәлелдері айыптының кінәлі екендігін растайды деген шешімге келді.

Нәтижесінде, азамат 6 жылға жүргізуші құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынатын болды. Дегенмен соңғы жазаны іске асыру оңай болмай шықты.

"Есенжановқа әкімшілік қамау жазасы берілмеді. Себебі, әкімшілік сот әскери қызметкерді заң бойынша қамауға ала алмайды", - деп түсіндірді Ботагөз Нұрмағамбетова.

Осылайша, қызметкер тек 6 жылға жүргізуші құқығынан айырылып, оны тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыру үшін қызмет орнына іс материалдары жіберілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/362372-oralda-mas-kyjinde-kolik-zhyrgizgen-ykkd-kyzmetkeri-zhyrgizushilik-kueliginen-ajyryldy.html