RU

Петропавлда әскерде жүрген сарбаз қалай таяқ жегенін айтты

Петропавлдағы №6637 әскери бөлімінің сарбазы үлкендерден зәбір көрдім деп шағым айтуда деп хабарлайды КТК арнасы.

Сәкен Нәлібаев соңғы кезде қызметтестер күн көрсетуді қойды дейді. Жігіт қазір омыртқасы мен бүйрегі оңбай жараланып, ауруханада жатыр. Ал әскерилер әдеттегідей өздеріне шаң жуытқан жоқ. "Жауынгердің өзі оқу- жаттығу кезінде абайсызда құлап жарақат алды" дейді бөлім басшылары.

"Түнге қарай қатты ауырады. Бүйрек іскен, қолда күш жоқ, тартыла береді. Тамақ жей алмай жүрмін", - дейді сарбаз.

Қарағандылық Сәкен Нәлібаев әскерге былтыр күзде шақырылған. Содан бері атыраулық екі жігіттен әбден қорлық көрдім дейді. Алғашында бәрін жасырмақ болған. Алайда іс насырға шауып, денсаулығы нашарлай бастағанда туыстарына хабарлапты.

Тамақтан ұрып, бастан тебеді, берцымен, орындықпен ұрады. Кереуетке тұрғызып қойып, екі жақтан бүйректен ұрады

""Бері кел" деп шақырып алады. Тамақтан ұрып, бастан тебеді, берцымен, орындықпен ұрады. Кереуетке тұрғызып қойып, екі жақтан бүйректен ұрады", - дейді 6637 әскери бөлімінің сарбазы Сәкен Нәлібаев.

Бірақ сарбаздың бұл сөзін дәрігерлер жоққа шығарып отыр. Оның денсаулығына ешкім қасақана нұқсан келтірмеген дейді.

"Оған "бел омыртқасының остеохондрозы" деген диагноз қойдық. Сондай- ақ, бүйрегінде туа бітті ақау бар. Онысы асқынған. Қазір тиісті ем алып жатыр. Ал сырқаттар ұрып соққаннан болды деп айта алмаймын", - деді Петропавл қалалық №1 ауруханасының бөлім меңгерушісі Хия Ерденова.

Сәкеннің Петропавл ауруханасында жатқанына бір айға жуықтаған. Өздігінен жүріп тұра алмайды. Жүрегі ауыратын анасының халін ойлаған ол жағдайын апасына ғана айтыпты. Әскери бөлімнің басшылығы бар жағдайға жауынгердің өзі кінәлі депті.

"Маған "ол жаттығуда құлады, секірді" деп айтты. Құлағанда ол жүре алмай қалмайтын шығар", - деді Сәкен Нәлібаевтың апасы Бибігүл Пірманова.

Әскери басшылық "бөлімде әлімжеттік мүлде жоқ" деп ант су ішіп отыр. Олар сарбаздардың денелерін күніне екі рет тексереді екен.

"Оны ешкім ұрған жоқ. Сарбаз оқу-жаттығу кезінде құлап жарақат алды", - деп отыр 6637 әскери бөлімінің командирі Ақиқат Жұмаханов.

Бұған сенбеген сарбаздың туыстары қазір әскери полицияға шағым жазыпты. Ал жаралы жігітті Астанадағы госпитальға ауыстыруды талап етуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/362658-petropavlda-eskerde-zhyrgen-sarbaz-kalaj-tayak-zhegenin-ajtty.html