RU

Қостанай облысында оқушы сабақтан соқыр болып оралды

Сабақтан соқыр болып оралды! Қостанай облысында оқушы бала мұғалімінің айтқанын орындаймын деп көзінен айырылды деп хабарлайды КТК арнасы.

Дене шынықтыру сабағында жылдамдыққа жүгірген бала волейбол темірінің тұтқасына оңбай соғылған. Ұстаз болса беталды тапсырма бермегенін айтып, өзіне шаң жуытар емес. Ал жарымжан болып қалған баланың ата-анасы енді бүкіл мектеп ұжымын сотқа бермек. Оқыс оқиға спортзалда болған.

Қатарластарынан қалыспайын деп жүгірген бала темірге соғылып, табан асты соқыр боп қалды. Бірақ, кінәні мойындайын деп отырған ұстаз жоқ. Бастауыш сыныптарға дене шынықтыру пәнін енді ғана бастап үйретіп жатқан жас мұғалім қайта баланың өзін "тентек" деп отыр.

Мен оны әдейі темірге ұрғаным жоқ. Бала басын өзі соқты. Мен де, қалған оқушылар да болған жайтқа кінәлі емес

"Мен оны әдейі темірге ұрғаным жоқ. Бала басын өзі соқты. Мен де, қалған оқушылар да болған жайтқа кінәлі емес. Көзіне қарап жүгіру керек еді", - дейді дене шынықтыру пәні мұғалімі Галина Миронова.

4-ші сыныпта оқитын Христьян енді бұдан былай дене шынықтыру сабағына бармайды. 12 жасар баланың қарашығы үзіліп, қабағы жыртылған. Яғни, сол көзі көрмейді.

Жалғыз ұлын сап-сау етіп сабаққа жіберген ана бар болған жайтқа мектепті кінәләуда.

"Айтарға сөзім жоқ. Мектептен бала мүгедек болып қайтады деп кім ойлаған? Өзімді қоярға жер таппай жүрмін. Басқа балаларды мұғалімдерге енді қалай сеніп тапсыруға болады?", - деп ашынды баланың анасы Светлана Генинг.

Анасының Хрестьянды апармаған жері жоқ. Дәрігерлерге де, емшілерге де көрсетті. Бірақ, дене шынықтыру залындағы қалың темір баланың көзін біржолата құртқан. Жарымжан бала көшеде енді тек анасының жетектеуімен жүр.

Ал мектебі болса, баладан көз жазып қалған ұстазға тек сөгіс жариялапты. Десе де, Генингтер отбасы мұғалімді соттатып, одан материалдық шығын өндіріп алмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/362659-kostanaj-oblysynda-okushy-sabaktan-sokyr-bolyp-oraldy.html