RU

Құлаққаппен күніне 1 сағат ән тыңдаған адам саңырау болуы мүмкін

Жастары қазіргі таңда смартфонға телміріп, құлаққаппен ән тыңдауды сәнге айналдырған. Мамандардың айтуынша, құлаққапты күніне 1 сағаттан артық тағып ән тыңдаған адам ертелі-кеш саңырау болады.

 Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемде 1,1 миллиард жас азамат уақытының көп бөлігін құлаққаппен ән тыңдап өткізеді екен.

Сол себептен, Жер бетіндегі 12-35 жас аралығындағы адамдардың басым бөлігінің есту қабілетінде ақау бар. Қазірдің өзінде осы жас аралығындағы 43 миллион адам саңырау дейді мамандар.

Олардың 40 пайызы түнгі клубтарда уақытын өткізіп, құлаққапты серік еткендер. Ал америкалық жасөспірімдер арасында кереңдікке шалдыққандар саны соңғы жылы 5,3 пайызға артқан.

ДСҰ жұқпалы емес аурулар басқармасының директоры, доктор Этьен Кругтың айтуынша, құлаққаптың зиянды екенін адамдардың басым көпшілігі біледі. Ол кереңдікке алып келетін бірден-бір құрал.

Осыны біле тұра жастар арасында құлаққапқа деген сұраныс аса жоғары. Жоғары дыбысты әуен адамды саңырау қылып қана қоймай, жүйке ауруларына да алып келеді дейді Этьен Круг.

Осы орайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары көп сапарлайтын, әуеде көп ұшатын адамдарға құлаққаптың арнайы түрін пайдалануға кеңес береді.

Сондай-ақ, музыка тыңдау кезінде арасында үзіліс жасап, концерт кезінде акустикалық колонкалардан алшақ отыру керектігін де айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/363015-kylakkappen-kynine-1-sagat-en-tyndagan-adam-sanyrau-boluy-mymkin.html